ОҚУШЫЛАРДЫ ЫСТЫҚ ТАМАҚПЕН ҚАМТУ МӘСЕЛЕСІ ҚАРАЛДЫ
Бүгін Премьер-министр Олжас Бектеновтің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында "Әлеуметтік әмиян" жобасын іске асыру, мектепке дейінгі ұйымдардағы дербестендірілген ваучерлік қаржыландыру, дәрілік заттарды таңбалау және қадағалау, медициналық көмектегі төлемнің бірыңғай жүйесі, бюджетті жоспарлау мен қаржыландырудың кешенді автоматтандырылған жүйесіне қатысты мәселелер қаралды. Жиынға жауапты министрліктер қатысып, өңір әкімдіктері онлайн байланыс арқылы қосылды, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі.
Үкімет отырысынан кейін аймақ басшысы Нұрлыбек Нәлібаевтың төрағалығымен өткен арнайы жиында талқыланған мәселелер бойынша тапсырмалар берілді.
Айта кетейік, өңірде "Әлеуметтік әмиян" жобасын енгізуге арналған арнайы жол картасы бекітілді. Биыл облыстағы оқушы мен қызметкер саны 700-ден асатын және аудан, қала орталықтарында орналасқан 87 мектепке аппараттық- бағдарламалық кешен орнатуға 119,2 млн. теңге бөлініп, «Транстелеком» мекемесі жүзеге асыруда. Облыстың 298 мектебінде балаларға ыстық тамақ ұйымдастырылған. Тегін тамақпен қамтылған бала саны - 89 572, ол жалпы бала санының 52,2 пайызын құрайды.
Бастауыш сыныптар 100 пайыз қамтылған.
Тегін дәрі-дәрмекті босатуда мемлекеттік және жеке емханалар таңбалау штрих-код сканері, деректерді жинақтау терминалы және планшет құралдарымен қамтылған. Қазіргі таңда, 27 медициналық ұйымда «Әлеуметтік әмиян» жобасы аясында жалпы саны 25 530 рецепт жазылып босатылған.