Сыр өңірінде «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясы аясында «Киелі мекен» апталығы басталды
Облыс аумағында «Таза Қазақстан» республикалық акциясы аясындағы «Киелі мекен» апталығы бастау алды. Сыр өңірі – ежелден тарихи-мәдени ескерткіштер мен кесенелерге бай өлке. Мұнда мемлекет қорғауына алынған 567 тарихи-мәдени ескерткіш бар, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі.
Осы ретте, 14-20 сәуір аралығына жоспарланған «Киелі мекен» апталығында барлық тарихи-мәдени ескерткіштер, тарихи-өлкетану музейлерінің аумақтары абаттандырылады.
Акцияның алғашқы күні Қызылорда қаласындағы «Қорқыт ата кітабының 1300 жылдығына арналған ескерткіш», Ұлы Отан соғысында қаза тапқандарға қойылған белгі, Амангелді Иманов, Жанқожа Нұрмұхамедұлы ескерткіштерінің маңайы тазартылды.
Игі бастамаға аралдықтар да атсалысып, аудан тұрғындары «Балықшылар музейінің» ауласын көркейтті, Әбдіжәміл Нұрпейісов музейі аумағында әктеу, сырлау жұмыстарын жүргізіп, ағаш көшеттерін отырғызды. Аталған шараға мәдениет және өнер саласының қызметкерлері белсенді қатысты.
Қазалы ауданының тұрғындары да акцияға ерекше қолдау білдіруде. Олар «Жанқожа батыр» кесенесі мен Ғ.Мұратбаевтың мемориалдық музейіне келіп, тазалық жұмыстарын жүргізді. Бұдан бөлек, қазақ хандығының астаналарының бірі болған «Жанкент» қалашығы мен «Бегім ана» мұнарасы, «Кердері» кесенелерінің аумақтары да абаттандырылды.
«Киелі мекен» апталығында қармақшылықтар түркі жұртына ортақ қасиетті орын «Қорқыт ата ескерткіш-кешені» мен «Марал ишан», «Қалқай ишан» кесенелеріне тазалық жұмыстарын жүргізді.
Ал, жалағаштықтар Бұқарбай батыр және Ұлы Отан соғысы құрбандарына арналған ескерткіштердің, «Түмен әулие» кесенесінің аумағына жиналды. Ағаш көшеттерін отырғызып, күл-қоқыстан тазартты.
Сырдария ауданындағы «Асанас», «Қышқала» қалашықтары мен «Қалжан ахун» мешіт-медресесі аумағы тазартылып, игі бастамаға тұрғындар белсене атсалысты.
Шиелі ауданындағы «Оқшы ата» қорымының айналасына да тазалық жұмыстары жүргізіліп, ағаш көшеттері отырғызылды.
Жаңақорғандағы «Қорасан ата» кесенесі мен «Сығанақ» қалашығы, басқа да тарихи-мәдени ескерткіштер маңы қоқыстан тазартылды.
Аталған акцияға аудан тұрғындары, мәдениет және өнер саласының қызметкерлері, сала ардагерлері ерекше қолдау білдірді. Жалпы «Киелі мекен» апталығындағы сенбілікке 3000 адам қатысты, 100-ге жуық іс-шара өтті. Тарихи-мәдени нысандардың маңайына 5000-ға жуық ағаш көшеттері отырғызылды.
Апта соңына дейін «Жалаңтөс баһадүр» ескерткіші, «Саяси қуғын-сүргін құрбандарына арналған мемориалды ескерткіш», С.Қожанов, Ы.Жақаев бюсттері мен Мұстафа Шоқай, Бұқарбай Естекбайұлы, Ғани Мұратбаев ескерткіштері, Батырхан Шөкенов атындағы саябаққа тазалау жұмыстарын жүргізу жоспарланған.
Облыс көлеміндегі көркейту-көгалдандыру және санитарлық-тазалық сенбіліктері тек акция кезінде ғана емес көктемнің алғашқы күні 1 наурыздан бастау алып, тұрақты түрде жүруде.