ҚАУІПТІ МАМАНДЫҚТА ҚАЙМЫҚПАЙ ҚЫЗМЕТ ЕТІП ЖҮРГЕН НӘЗІКЖАНДЫ АРУЛАР

169
Қауіпті де ерекше мамандықты игеріп жүрген нәзік жандылар аймағымызды жетерлік, - деп хабарлайды «Opennews.kz» ақпарат агенттігі.

Отбасымен қатар қызметте қалтқысыз еңбек етіп жүрген бұрымдылардың қоғамдағы орны ерекше екені сөзсіз. Соның ішінде тілсіз жаудың дәл ортасында қауіптен қаймықпай, ерлермен бірге иық тіресіп жүрген Сымбат Абдуллаеваны ерекше атауымызға болады. Ол 15 жылдан астам облыстық төтенше жағдайлар департаментінің Өрт сөндіру және авариялық құтқару жұмыстары қызметінің бас маман-полиграфологі, азаматтық қорғау подполковнигі ретінде жемісті еңбек етіп келеді. 

Бүгін Өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпарат алаңында өткен баспасөз конференциясында Сымбат Алтынбекқызы өз саласы туралы БАҚ өкілдеріне баяндады. 

«2008 жылы педагог-психолог мамандығын бітіріп, облыстық төтенше жағдайлар департаментінің өрт сөндіру бөлімінде өз қызметімді бастадым. Өздеріңіз білетіндей, өрт сөндіру қызметінің мамандары тәулік бойы өрттің алдын алу және оны жою бойынша үздіксіз қызмет етеді. Сол себепті, оларға күнделікті психологиялық көмек беріп, қолдау көрсетеміз. Әрине, бұл салада еңбек ету нәзік жандылар үшін оңай емес. Алайда, өз мамандығыма деген қызығушылығымның арқасында абыройлы еңбек етуге тырысып келемін. Біздің саланың тағы бір ерекшелігі, М.Ғабдуллин атындағы Азаматтық қорғау академиясында қыз балаларды биылдан бастап оқуға қабылдап жатыр. Бұған дейін тек ер адамдар ғана білім алатын еді. Осы 4 жылдық оқуды аяқтағаннан кейін лейтенант шенімен қызметке орналасатын болады. Бұл да қыз балалардың өрт сөндіру қызметінде ерлермен бірге еңбек етуіне мол мүмкіндік береді», - деді облыстық ТЖД Өрт сөндіру және авариялық құтқару қызметінің подполковнигі Сымбат Алтынбекқызы.

Әуежай дегенде ең алдымен қанатын жайған ұшақ, чемодан арқалаған жолаушылар мен табандарынан тік тұрып қызмет ететін әуежай қызметкерлері көз алдымызға келеді. Онда қанжырлы еңбек етіп жүрген бұрымдылардың жұмысына қызығушылық танытатындар да өте көп. Әсіресе, жолаушылардың қауіпсіздігі мен оларға дұрыс қызмет көрсету – әуе бортсеріктерінің басты міндеті. Бүгін Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Қорқыт ата әуежайының «Жолашыларға қызмет көрсету және жүк тасымалдау бөлімінің» қызметкері Ғазиза Тойқожа өз саласының ерекшелігін баяндады.

«Әуежай қызметкерлеріне қойылатын талаптар өте жоғары болып келеді. Әсіресе, қазақ, орыс, ағылшын тілдерін жетік меңгеру басты талаптардың бірі, Бұдан бөлек, әр жолаушыға жоғары дәрежеде қызмет көрсету, қауіпсіздігін қамтамасыз ету, жүктерін тасымалдау қызметтерін де мүлтіксіз атқаруға тырысамыз. Осы әуежай саласында қызмет етіп жүргеніме 1 жылдан асты. Осы уақыт аралығында көптеген тәжірбие жинадым десем де болады. Жалпы осы қызметім өзіме ерекше ұнайды», - деді Ғазиза Маратқызы.

Теміржол саласы аса жауапкершілік пен ықтиярлықты талап ететін күрделі кәсіптің бірі. Жолаушылардың қауіпсіздігін алдыңғы орынға қойған сала қызметкерінің арасында нәзік жандылар да бар. Сондай нәзік аруымыздың бірі- Қызылорда Теміржол вокзалының қызметкері Камила Кенжебекова. Бүгін Өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпарат алаңында өткен баспасөз конференциясында Камила Қозыбайқызы өз жұмысы туралы баяндады. 

«Салада қызмет етіп келе жатқаныма 6 жылдан асты. Теміржол вокзалына жолаушылар кіргеннен бастап поездға отырғанға дейін қызмет көрсетіп, діттеген жеріне аман жетуіне септігімді тигізуге тырысамын. Өз жұмысыммен қатар хабарлаушы міндетін де атқарамын. Яғни поездың қай жолға келіп тоқтағанын, қай уақытта жүретінін хабардар етемін. Сондай-ақ халықтың, жолаушылардың сенімін ақтап, жақсы қызметтер көрсетуге жұмыс істеу. Тек сөз жүзінде емес, тәжірибе алмасу, қызмет барысында қазір де, болашақта да еңбегімнің шынайы екенін дәлелдеуден шаршамаймын. Біздің мақсат – халықты қауіпсіздікпен қамтамасыз ету», - деді Камила Қозыбайқызы. 

Бүгін Өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпараттық алаңында әр салада қажырлы еңбек етіп жүрген нәзік жандылардың жұмысы баяндалды. Қоғам тыныштығын күзету, оны асқан жауапкершілікпен атқару оңай емес екендігі бәрімізге белгілі. Әсіресе құқық қорғау қызметіндегі нәзік жандылардың орны ерекше. Солардың бірі- Жалағаш ауданының полиция бөлімінің жергілікті полиция қызметі бөлімшесінің ұйымдастырушылық-аналитикалық жұмыс тобының инспекторы Айгерім Кенжебай. 

 

Полиция лейтенанты батырлық пен батылдықтан құр алақан емес. Халқының қамын ойлап, елдің тыныштығын күзетеді. Сертіне адал, ісіне әділ. Ер азаматтармен иық тіресе жұмыс істейтін Айгерімнің тәжірибесі де аз емес.

 

«Бала күнімнен осы салаға қызығып өстім. Бүгінде мамандық таңдауда қателеспедім деп ойлаймын. Алға қойған мақсатыңа жету үшін қиындықты еңсеруге тура келеді. Әр мамандықтың қызығымен бірге қиындығы да қатар жүреді. Антқа адалдық танытып, Отанға қызмет ету –міндетім. Құқық қорғау қызметінде әйел немесе ер адам деп бөлінбейді. Күн-түн демей, бірге қызмет атқарамыз. Сондай-ақ бос уақытымда дзюдо және самбоға қатысамын. Дзюдодан спорт шеберлігіне үміткермін. Осы сәтті пайдалана отырып, аналарды, аруларды 8 наурыз- Халықаралық әйелдер күнімен құттықтаймын»,-деді Айгерім Ерболатқызы.

 
Осындай қызметті абыроймен атқарып, елге қызмет көрсетіп жүрген мамандардың еңбегі ерен. Халық алдында жасап келе жатқан игі істері еселене берсін деп тілейміз.