700-ДЕН АСТАМ СЫРБОЙЫЛЫҚ АЗАМАТ ӘСКЕРИ ҚЫЗМЕТІН ӨТЕЙТІН БОЛАДЫ

234
Бүгінде Қызылорда облысында көктемгі мерзімді әскери науқанға шақыру шаралары жүргізілуде, - деп хабарлайды «Opennews.kz» ақпарат агенттігі.

Осыған сәйкес, 30 маусымға дейін 18-27 жас аралығындағы 700-ден астам сырбойылық азамат еліміздің Қарулы Күштерінде және басқа да әскери құралымдарында отан алдындағы борышын өтейтін болады. 

Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Қызылорда облысының қорғаныс істері жөніндегі департаментінің тәрбие, идеологиялық және әскери – патриоттық жұмыстары басқармасының бастығы – департамент бастығының орынбасары, подполковник Алмат Жақыпов хабарлады.


Жалпы көктемгі мерзімді әскери науқанға ҚР Қарулы күштерге – 300 адам, Ұлттық ұланға – 230 азамат, ал ҚР ҰҚК Шекара қызметіне – 170-ке жуық, Мемлекеттік күзет қызметіне – 2 адам шақырылады. 

"Сыр елінің азаматтарын көктемгі мерзімді әскерге шақыру жұмыстары 1 наурыздан басталған болатын. Қазіргі таңда азаматтарды әскери қызметке жіберу жұмыстары белсенді жүргізілуде. Сондай-ақ, Отан алдындағы әскери парызды өтеуге байланысты насихат жұмыстары да жүйелі түрде ұйымдастырылуда. Бұдан бөлек, 10-11 сынып оқушылары мен жоғары және орта оқу орындарында облысымыздың ардагерлер қауымының қатысуымен еркін форматта кездесу өтті.", - деді Алмат Алмасұлы. 

Брифинг барысында подполковник Жасұлан Шанқұлов әскерге шақырудан кімдердің босатылуы мүмкін екендігі және мерзімді әскери қызметке шақырылған азаматтар үшін қандай жеңілдіктер көзделгені туралы ақпарат берді.


"Қорғаныс ведомствосы еліміздің қырықтан астам жоғары оқу орындарымен жасалған келісімдері бойынша Отан алдындағы борышын өтеген жастар әскерден кейін екі жыл ішінде жоғары оқу орындарына ақысыз, ҰБТ тапсырусыз түсе алады. Бұл ретте үздіктердің үздігі жоғары оқу орындарында тегін білім алатын болады. Сондай-ақ, әскери кафедраға конкурстан тыс түсуге де мүмкіндік қарастырылған.", - деді мерзімді әскери қызметке әскерге шақыру бөлімінің бастығы подполковник Жасұлан Шанқұлов.

Айта кетейік, биыл 1 наурыздан бастап азаматтарды әскери қызметке шақыруды кейінге қалдыру және одан босату жөніндегі қызмет іске қосылды. Енді азаматтар әскери қызмет өткеру мәртебесі туралы мәліметтерді ұсыну бойынша мемлекеттік қызметті бірде-бір құжатсыз ала алады.


@Өңірлік коммуникациялар қызметі