Елімізде көпбалалы отбасыларға берілетін мемлекеттік жәрдемақы ұлғайды
Елімізде 4 немесе одан көп баласы бар отбасыларға берілетін мемлекеттік жәрдемақы мөлшері артты, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі.
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі ақпаратына сүйенсек, биыл 1 қаңтардан бастап көп балалы отбасыларға тағайындалатын мемлекеттік жәрдемақы мөлшері 8,5 пайызға артқан. Бұл мемлекеттік жәрдемақыға 4 және одан да көп бірге тұратын кәмелетке толмаған немесе 23 жасқа дейінгі күндізгі бөлімде оқитын студент балалары бар отбасылар табысына қарамастан үміткер бола алады. Осылайша төлем бала санына қарай былай есептеліп отыр.
- 4 баласы бар отбасыларға – 16,03 АЕК немесе 55 304 теңге;
- 5 балаға – 20,04 АЕК немесе 69 138 теңге;
- 6 балаға – 24,05 АЕК немесе 82 973 теңге;
- 7 балаға – 28,06 АЕК немесе 96 807 теңге;
- 8 және одан да көп баласы бар отбасыларға – әр балаға 4 АЕК немесе 13 800 теңге мөлшерінде төленеді.
"Балалары бар отбасыларға берілетін мемлекеттік жәрдемақылар туралы" ҚР Заңына сәйкес, туған, асырап алған, сондай-ақ, қорғаншылыққа (қамқоршылыққа) алған балалары бар барлық отбасының туу жәрдемақысын алуға құқығы бар.
Туу жәрдемақысы жұмысшыларға да, жұмыс істемейтін әйелдерге де төленеді, ал жәрдемақы мөлшері:
- бірінші, екінші және үшінші баланың тууына 38 АЕК немесе 2022 жылы 120 840 теңге, 2023 жылғы 1 қаңтардан бастап – 131 100 теңге;
- төртінші және одан да көп балаға 63 АЕК немесе 2022 жылы 200 340 теңге, 2023 жылғы 1 қаңтардан бастап – 217 350 теңге.
Бала күтіміне байланысты жәрдемақы 1,5 жасқа дейін төленеді
Бұған дейін бала күтіміне байланысты ай сайынғы жәрдемақы сәби 1 жасқа толғанға дейін төленіп келді. Енді 2023 жылдың қаңтарынан бастап осы төлем бір жарым жылға ұзартылады. 2022 жылы туған бала үшін жәрдемақы автоматты түрде жарты жылға созылады. Ал 1 қаңтардан кейін туған балаға бірден 1,5 жылға тағайындалады.
Бұл жәрдемақы балаға қарайтын және міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатыспаған жұмыс істемейтін әйелдер мен ерлерге тағайындалады.
бірінші балаға – 5,76 АЕК немесе 19 872 теңге;
екінші балаға – 6,81 АЕК немесе 23 495 теңге;
үшінші балаға – 7,85 АЕК немесе 27 083 теңге;
төртінші және одан кейінгі балаларға – 8,90 АЕК немесе 30 705 теңге.
Декретке дейін жұмыс істеген әйелдердің бала күтіміне байланысты алатын ай сайынғы әлеуметтік төлемі бөлек есептеледі. Оның мөлшері бала туғанға дейін соңғы екі жылдағы орташа айлық табыстың 40 пайызын құрайды.
Министрлік мәліметінше жыл басынан бері дәл осы жәрдемақыны орта есеппен 535,3 мың отбасы алған. Оларға төленген қаржы сомасы 66,9 миллиард теңге мөлшерінде. Оның ішінде ақпан айында 538 мың отбасына 33,8 миллиард теңге жәрдемақы төленген.
Атаулы әлеуметтік көмек
Атаулы әлеуметтік көмекке нақты облыс үшін жан басына шаққандағы орташа табысы кедейлік шегінен аспайтын Қазақстан Республикасының азаматтары, қандастар, босқындар, шетелдіктер және Қазақстан Республикасында тұрақты тұратын азаматтығы жоқ адамдар құқылы.
Егер әрбір отбасы мүшесінің табысы осы көрсеткіштен төмен болса, айырмашылық АӘК мөлшері болады.
Сондықтан әрбір нақты отбасы үшін АӘК тағайындалған сомасының мөлшері жиынтық табысқа және кедейлік шегінің мөлшеріне байланысты жеке анықталады.
2020 жылдан бастап Еңбек және әлеуметтік қорғау министрлігінде оның ашықтығын, әділдігін және еңбекке деген ынтасын қамтамасыз етуге бағытталған көмек көрсетудің жаңа тетігі жұмыс істеп тұрғанын атап өтті.
Мемлекеттік қолдау шаралары кешенде іске асырылады және келесілерді қамтиды:
- көпбалалы аналарды қолдау, оның ішінде шартсыз түрде берілетін ақшалай төлем;
- отбасының әрбір мүшесіне ақшалай түрде берілетін АӘК;
- заттай түрде ұсынылатын АӘК алушылар қатарындағы балалар үшін кепілдендірілген әлеуметтік пакетті ұсыну.
2022 жылғы 1 қарашада АӘК орташа мөлшері 6 655 теңгені құрады. 2023 жылы орташа мөлшері 9 900 теңге көлемінде болжанады.
Жұмысынан айырылуына байланысты төлем
Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан жұмысынан айырылу бойынша әлеуметтік төлем халықты жұмыспен қамту орталығында жұмыссыз ретінде тіркелген күннен бастап міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысушыға тағайындалады.
Әлеуметтік төлем мөлшері әлеуметтік аударымдар жүргізілген жүйеге қатысушының табысына, жүйеге қатысу өтіліне және табысты ауыстыру коэффициентіне байланысты.
Қазір табысты алмастыру коэффициенті 0,4. Яғни, әрбір төлем бұрын болған кірістің 40 пайызын құрайды. Төлемді жүйеге қатысу өтіліне байланысты бірден бастап алты ретке дейін (айына бір рет) алуға болады.
2023 жылдың 1 қаңтарынан бастап табысты ауыстыру коэффициенті жұмыссыз жұмыс істеген кездегі табыстың 40 пайызынан 45 пайызына дейін артады.
Бұл ретте төлем тағайындау тәртібі сақталады және жұмысынан айырылған және жұмыссыз мәртебесін алған жүйеге мүшелеріне ғана қолданылатын болады.
Жұмысынан айырылу бойынша әлеуметтік төлем мөлшерін арттыру 2023 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша жұмыс істеп тұрған алушыларға да әсер етеді. Ешқандай өтініш берудің қажеті жоқ - төлем мөлшері автоматты түрде артады.
Асыраушысынан айырылу бойынша жәрдемақы
Асыраушысынан айырылу жағдайы бойынша мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақылардың мөлшері қайтыс болған адамның асырауындағы адамдардың санына, сондай-ақ, тиісті қаржы жылына арналған республикалық бюджет туралы заңда белгіленген ең төменгі күнкөріс деңгейінің шамасына байланысты болады.
Қазір мұндай жәрдемақы мөлшері:
- отбасының бір еңбекке жарамсыз мүшесі болған кезде - 0,86 КД (32 155 теңге);
- барлық еңбекке жарамсыз отбасы мүшелерінің саны екеу болған жағдайда - 1,49 КД (55 710 теңге);
- барлық еңбекке жарамсыз отбасы мүшелерінің саны үшеу болған жағдайда - 1,85 КД (69 170 теңге);
- барлық еңбекке жарамсыз отбасы мүшелерінңғ саны төртеу болған жағдайда - 1,96 КД (73 283 теңге);
- барлық еңбекке жарамсыз отбасы мүшелерінің саны бесеу болған жағдайда - 2,03 КД (75 900 теңге);
- отбасының алты және одан да көп еңбекке жарамсыз мүшелері болған кезде әрбір жәрдемақы мөлшері 2,11 КД (78 891 теңге) тең үлесі ретінде есептеледі.
Ең төменгі күнкөріс деңгейінің ұлғаюына байланысты асыраушысынан айрылу бойынша мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақылардың мөлшері 8,5 пайызға артады және 2023 жылғы 1 қаңтардан бастап келесіні құрайды:
- бір еңбекке жарамсыз отбасы мүшесі болған жағдайда – 34 888 теңге;
еңбекке жарамсыз отбасы мүшелерінің саны екеу болған жағдайда – 60 445 теңге;
- еңбекке жарамсыз отбасы мүшелерінің саны үшеу болған жағдайда – 75 049 теңге;
- еңбекке жарамсыз отбасы мүшелерінің саны төртеу болған жағдайда – 79 512 теңге;
- еңбекке жарамсыз отбасы мүшелерінің саны бесеу болған жағдайда – 82 352 теңге;
- отбасының алты және одан да көп еңбекке жарамсыз мүшелері болған кезде әрбір адамға берілетін жәрдемақы мөлшері 85 597 теңгенің тең үлесі ретінде есептеледі.