Қызылордада мектеп оқушысы үзіліс кезінде сыныптасына пышақ сұғып алды
Қызылордадағы мектепте 11-сынып оқушысы сыныптасына пышақ жарақатын салды, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі.
Оқиға қаладағы №217 орта мектепте болған. Үшінші сабақтан кейінгі үзіліс кезінде балалар сыртқа шығып жанжалдасып қалған. Бұған қатысты тергеу амалдары басталды.
Оқушылар арасындағы жаға жыртыстың неден басталғаны әзірге белгісіз. Сабақ арасында үзіліске шыққан 11 сынып оқушысы сыныптасын үш жерден пышақтаған. Жәбірленуші бірден ауруханаға жеткізілді.
Пышақтың тиген жері сол иығы, сол кеуде тұсы және сол саны. Зерделеу, тексеру жұмыстары жүргізілді. КТ түсірілді. Кеуде клеткасын, ішкі құрылысын узи түсірдік. Балада сыртқы тері қабатының зақымдалуы көзге түсті. Соған байланысты өңделіп, тігіліп, баланы амболаториялық бақылауға үйіне жіберілді, - деді облыстық көпбейінді балалар ауруханасының бас дәрігері Зоя Көшенова.
Оқушының суық қаруды мектепке қайдан, қалай әкелгені беймәлім. Ал білім бөліміндегілер жарақаттың пышақтан болғандығын жоққа шығарып отыр.
Қалалық білім бөлімі және облыстық білім басқармасы тарапынан жұмысшы тобы құрылып, қазіргі таңда зерделеу жұмыстары жүрзіліп жатыр. Суық қару қаруды ешқандай мектепке алып келмеген. Жеңіл дене жарақаты темір тектес үшкір затпен жасалған, - деді қалалық білім бөлімінің бас маманы Самат Күнхожаев.
Күдікті жасөспірім қазір үйінде. Құқық қорғау орындары оқиғаға қатысты тергеу амалдарын бастады.
"Бұл дерек ҚР Қылмыстық кодексінің 293-бабы бойынша ТЖД тіркеліп, тиісті сараптамалар тағайындалды. Күдікті жасөспірім Қызылорда қалалық полиция бөліміне жеткізіліп, ата-анасына тапсырылды. Тергеу амалдары жүргізілуде", - деп атап өтті облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі.
Оқушылардың сабақ уақытында мұндай әрекетке қалай барғаны белгісіз. Оқиғаның бүге-шүгесі де құпия күйде қалып отыр.