Дәрігерлердің қателігінен қатерлі ісік ауруы III сатыға өтіп кеткен

228

Өскемендік әйел өзіне қате диагноз қойған дәрігерлерді кінәләуда, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі.

 


Шығыс Қазақстан облысына қарасты Риддер қаласының тұрғыны Роза Ануфриева қазір жат жұртта ем алып жатыр. Жарты жыл бұрын кенеттен көп мөлшерде қан жоғалтып, өмір мен өлім арасында қалды. Әпкесінің сөзінше, дәрігерлер әу баста қате ем қолданған. 


Басында гинеколог эндометриоз (жатырдың ішкі қабатының жасушалары оның сыртында өсетін патология -ред.) деген диагноз қойып, керекті дәрі-дәрмектің тізімін әзірлеп берген. Науқастың айтуынша, бастапқыда солардың көмегі тиді. Бірақ аурудың белгілері байқалып, жиі мазалай бастаған соң Роза Ануфриева Өскеменге жол тартады. Ол жақта гинекологтар мен онкологтар қатерлі ісік бар екенін анықтайды. Бірақ ақ халаттылар әйелді сабырға шақырмай, "бірден ота жасау керек" деп дабыл қаққан. Бұл кезде Риддер тұрғыны қатерлі ісіктің I сатысында болатын. 


"Онкологиялық диспансерде оған жатыр мойны обырының бірінші сатысы, соған сәйкес ота жасау керектігін айтты. МРТ мен КТ да жүргізілмеді, тек биопсия сараптамасы арқылы ғана ота жасау қажет екендігі анықталды", – деді науқастың әпкесі Римма Ануфриева.


Қаңтар айының 10-ы күні ота жасалды. Алайда одан кейінгі оңалту орталығында Роза Ануфриева I емес, III сатыдағы қатерлі ісік науқасы ретінде өтті. Ендігісі сәулелік және химиялық терапия ем-домы күтіп тұрды.


Жергілікті дәрігерлерге деген сенімдері жоғалған соң Риддер тұрғыны біртіндеп шетелдік емханалар жөнінде сұрастыра бастады. Нәтижесінде, көңілге қонымды әрі сапалы терапияны Сеул қаласындағы ақ халаттылар ұсынды. 


Науқас үш баласы мен күйеуін Қазақстанда қалдырып, Кореяға жол тартты. Айтпақшы, Розаның күйеуі мүгедек, ол да қатерлі ісікке шалдыққан. Алексей Ануфриев бүгінде Риддерде ем алып жүр. Бірақ жағдайы жақсара қоймаған сияқты.


Кореялық мамандар үміт бар депті. Роза Ануфриеваның метастазасы тек екі сантиметрге жайылған, ал мұндайда емдеп жазу мүмкін көрінеді. Науқас сәулелік және химиялық терапияны Сеулде алып жүр. Аппараттар ісікке қарсы тұруға қауқарлы дейді. Тек ауыр емнен тамаққа мүлде тәбеті болмайды.


“Дәрігерлердің бейқамдығынан ауруымның белгілері созылып кетті. Олардың мұншалықты қателескендерін көріп таңғалдым. Жарты жыл көлемінде уақытым құр босқа кетті. Ал шетелдегі ем-домды төлеуге қалтамыз көтермейді”, – деді Роза Ануфриева.


Риддер тумасы үшін тиімді ем-домның бағасы 46 мың долларға (21 миллион теңге) шықпақ. Жақындары мен таныстары қазірдің өзінде 16,8 мың доллар жинап үлгерген.



Әділхан ЕСІМХАНОВ