Қызылордада «есірткі курьеріне» жергілікті полиция тойтарыс бере алмайды ма?

10 596

Қызылордада есірткі бизнесі қарқынды дамуда, - деп хабарлайды «Opennews.kz» ақпарат агенттігі.


Әлемді алаңдатып отырған өзекті мәселенің бірі – есірткі саудасы. Бұл біздің еліміз үшін де ерекше түйткіл. Тіпті, соңғы уақытта ғаламтор арқылы ашық түрде есірткі саудалайтындар жайында жиі сөз болып жүр. Салдары ауыр болатын мұндай саудаға қалай тосқауыл қоюға болады? Қазір түрлі сайттар мен әлеуметтік желілердегі парақшалардағы жарнамаларға толы «Интернеттегі оңай табыс» қылмыстық терминге айналуда. Соңғы уақытта студенттер мен мектеп оқушыларының есірткіге байланысты қылмыс жасау фактілері жиілеп кетті.


Есірткі саудасымен күресудің сан түрлі жолы ұсынылғанымен нақты білек сыбана кіріскен жандар жоқтың қасы. Олай деуге басты себеп аймағымызда әлеуметтік желі арқылы өз бизнесін емін-еркін дамытқан наркобарондар қатары күн санап артып келеді.  Соның бірі әлеуметтік желіде «Курьер» іздейміз деген жарнаманың қармағына ілініп, қомақты қаржыға қарық боламын деген жеткіншектер бір сәтте «Наркокурьерге» айналып отыр.


Эксперимент ретінде оның қалай жұмыс істейтінін іштей түсіну үшін мен тіпті телеграм каналдары арқылы олармен жұмысқа тұруға тырыстым. Бұл небәрі екі сағатты алды. Қолдану нұсқаулығына ұқсамауы үшін мен бұдан әрі егжей-тегжейге тоқталмаймын. Бірақ мен нақты айта аламын, бұл адамдарға сіздің жасыңыз бен кім екеніңіз маңызды емес. Яғни, олар жасөспірімдерді оңай курьер етіп алады. Оларды қадағалау өте қиын десекте біздің полицейлеріміздің дәрменсіздігі деп түсінеміз бе? Ашық сауданың қызуын көріп тұрып, қалай үнсіз отыр?

 

Есірткі саудасымен айналысатындар әлеуметтік желі арқылы мектеп оқушыларына да «Күніне 10 мыңнан 50 мың теңгеге дейін табыс тапқың келсе, бізге хабарлас» деген мазмұндағы хабарлама жолдайды екен. Мұндай «батпанқұйрыққа» қызыққан жеткіншектер әлгілерге бірден хабарласып, олардың «тексеруінен» өтеді. Дәл сол тексеруден өту үшін біздің тілшілеріміз байланыс орнатып, ақпараттың рас өтірігіне көз жеткізді.


- Саламатсыз ба, хабарландыру бойынша хабарласып отырмын.


- Сәлеметсіз бе, өкінішке орай сізге ұсынылатын жұмыс толық. Алайда біз сізге табысы мол «курьер закладчик» қызметін ұсынамыз. Сіз қай қаладан боласыз және жасыңыз нешеде?

 

- Қызылорда қаласы, жасым 30-да

 

- Меф, СК, ГАШ, КРИСТАЛ өнімдерін қала ішінде жасырасыз. Тыққан жеріңіздің нақты координатын фото есеппен жібересіз. Аптасына 200 000 теңге табыс табасыз. Сізді кураторға жіберейін анық қанығын, полиция қызметкерлеріне ұсталып қалмас үшін не істеу керектігін, телефоныңызға орнатылатын жүктемелерді айтып, сізді оқытады. Арнайы нұсқаулық бар. Тығатын затыңыз синтетикалық наркотик сен өзің затты біздің тыққан жерімізден тауып аласың, сөйтіп басқа жерге қайта тығасың сіздің қалада біздің біршама балалар жұмыс жасайды. Айлық әрбір тығылған зат үшін 1500 -2000 теңге арасында келісесіз бе?


- Егер полицияға ұсталып қалсам ше? Қорқынышты екен.

 

- Қорқатын ештеңесі жоқ. Біз сізге ұсталмау үшін көмек береміз. Бәрін түсіндіреміз уайымдамасаңыз да болады.

Дәл осылай курьерлер тексеруден өтеді. Өйткені оларға сенуге бола ма, жоқ па, осы жағы тексеріледі. Ол үшін ең алдымен оларға есірткіге ұқсайтын тұз немесе ас содасы беріледі екен. Сіздің тыққан дүниеңізді клиент сол жерден алып кетеді. Егер тапсырыс беруші тауарды таба алмаса, курьерге айыппұл салынатыны тағы бар. Ең қызығы  тыққан есірткіңіз үшін ақшаны биткоиндермен төленеді. Ол дегеніміз криптовалюта есірткіге жұмсалған ақшаның барлығы биткоинмен шетелге кеткендіктен, көлеңкелі экономика орын алып отыр.


Бұл – есірткі саудасымен айналысып жүргендердің бірнеше мысалы ғана. Ал елімізде есірткі сатып, қалтасын қампайтып жүргендер қанша екені беймәлім. Ал, жергілікті полиция қызметкерлері көз жұма қарауына не себеп?