САЛА МАЙТАЛМАНДАРЫ КОНСТИТУЦИЯ КҮНІ ҚАРСАҢЫНДА «ҚЫЗЫЛОРДА ОБЛЫСЫНЫҢ ҚҰРМЕТТІ АЗАМАТЫ» АТАҒЫН ИЕЛЕНДІ
Биыл Конституцияның қабылданғанына 27 жыл! Мемлекет үшін айтулы мереке әрбір қазақстандық үшін айрықша маңызға ие. Сыр елінде де айтулы күн Н.Бекежанов атындағы қазақ музыкалық драма театрында Конституция күніне орай салтанатты шарамен әспеттелді,- деп хабарлайды Opennews.kz ақпарат агенттігі.
Жиынға қатысқан аймақ басшысы Нұрлыбек Нәлібаев "Ата заңды ардақтау – болашаққа батыл қадам басқан әрбір азаматтың асыл парызы екенін" жеткізіп, барша Сыр жұртын Конституция күнімен құттықтады.
Осы жылдың елімізге түбегейлі өзгеріс әкелгенін жақсы білесіздер. Ел Президентінің тегеурінділігімен Қазақстан дамудың жаңа жолына түсті.
Наурыз айында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ел дамуы үшін мәні зор саяси реформалар жариялады.
Бұл өз ретінде елдің басты заңы – Конституцияға бірқатар өзгерістер әкелуді талап ететіні сөзсіз. Осылайша, биылғы 5 маусымда республикалық референдум өткізіліп, Қазақстан Ата Заңының 33 бабына 56 өзгерту енгізілді.
Баршаңызды Конституция күнімен шын жүректен құттықтай отырып, дендеріңізге саулық, әр шаңыраққа құт-береке, ырыс-ынтымақ тілеймін! Толайым табыстарға жете беріңіздер! Тәуелсіз еліміздің іргесі берік, тұғыры нық болсын,- деді Нұрлыбек Нәлібаев.
Мерекелік жиында Рәміздер мерекесінің 30 жылдығы мен мерейлі сексен жасы қатар келген Мемлекеттік Елтаңба авторы Жандарбек Мәлібеков пен асқаралы алпыс жасқа жеткен білікті дәрігер, 8000-ға жуық ота жасаған хирург, қоғам қайраткері Болатбек Баймахановқа «Қызылорда облысының Құрметті азаматы» атағын табыстады.
Салтанатты іс-шараға жиналған қауым қарапайымдылықты ту еткен қос азаматқа құрмет көрсетіп, ыстық ықыласын қошеметпен білдірді.
Сондай-ақ, аймақ дамуына сүбелі үлес қосып, аянбай еткен еткен бірқатар азаматтарға Қызылорда облысы әкімдігінің Құрмет грамотасы мен Алғыс хат табысталды.
Арнайы кеште аймақтың өнер майталмандары көпшілікке мерекелік көңіл-күй сыйлады.