Қазақстандықтардың жеке куәлігіне саусақ іздері қашан енгізілетіні белгілі болды
Ішкі істер министрлігі қазақстандықтардың жеке куәлігіне саусақ іздері қашан қосылатынын мәлімдеді, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі.
Алдағы уақытта ел азаматтары құжат алғанда саусақ іздерін тапсырады. Ішкі істер министрлігінің мәліметіне сәйкес мұндай шара құжатты қолдан жсаудың алдын алып, қауіпсіздік шараларын күшейтуге септігін тигізеді
Ішкі істер министрлігінде түсіндірілгендей, олар 2024 жылдың 1 қаңтарынан бастап құжатқа жаңа баған қосуды жоспарлап отыр. 16 жасқа толғандар үшін құжатты алған кезде, сондай-ақ олардың жарамдылық мерзімінің аяқталуына немесе жоғалуына байланысты құжаттарды ауыстырған кезде қазақстандықтар саусақ ізін тіркеу рәсімінен өтеді.
Дактилоскопия немесе саусақ іздерін тапсыру үшін халыққа қызмет көрсету орталығында маманға жүгіну керек. Ол азамат жайлы деректерді базаға енгізіп, арнайы сканерді қосады.
ІІМ адамның барлық саусағының іздері алынатынын айтады. Тек қолы жоқ немесе саусақ ізін сканерлеуге келмейтін адамдар ғана бұл процестен босатылады.
"Биометриялық құжаттар биометриялық сәйкестендіру жүйесін қалыптастырады. Сондай-ақ қолдан құжат жасаудың алдын алып, террористік қауіп артқанда қауіпсіздік шараларын күшейтуге, қылмыспен күрес кезінде көмектеседі", – деді ІІМ көші-қон комитеті ерекше тапсырмалар бойынша аға инспектор Айгүл Қаңлыбаева.
Сонымен қатар саусақ іздері құжаты жоқ азаматтардың жеке тұлғасын анықтауда, шетелдікдерді бақылап, есепке қоюда да септігін тигізеді. Қазақстандықтар да бұл жаңашылдықты қолдайтындарын айтады.
"Мәселен, Түркиядағы жер сілкінісі кезінде адамдар барлық құжаттарын жоғалтты. Егер бірыңғай база болса, жеке тұлғасын растап, құжаттарын қалпына келтіре алады. Меніңше, осы тұста бұл жүйе көмектесе алады", – дейді Ақбөпе есімді Астана тұрғыны.
ІІМ өкілдері биометриялық деректер арнайы қорғалған базада сақталатынын мәлімдеді.
Еске салайық, 2021 жылдың 1 қаңтарынан бастап "Саусақ ізі және геномдық тіркеу туралы" заң күшіне енді. Ол саусақ ізі мен геномдық ақпаратты жинауды, өңдеуді және қорғауды қамтиды. Заңға сәйкес, 12 мен 16 жас аралығындағы балалардың дактилоскопиясы олардың келісімімен және ата-анасының немесе қамқоршысының қатысуымен ғана алынуы мүмкін, ал 16 жастан бастап қазақстандықтар үшін саусақ ізін алу міндетті болады.