«Әкімдер өз қаласын жаяу аралауы керек» - Тоқаев
Қазақстанның әлеуметтік-экономикалық даму мәселелері жөніндегі кеңейтілген отырыста мемлекет басшысы әкімдерге өз қаласын жаяу аралау керектігін ескертті, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі.
Тоқаев қалалардың сиқын сынады. Оның айтуынша, бұл мәселеге билік өкілдерімен бірге халық та назар аударуы керек. Мысал ретінде президент Балқан елдерінің қалаларын атады.
«Қалалардың, оның ішінде Астананың жайлы болуына көңіл бөлуіміз керек. Қазір қалалардың жай-күйі көңіл көншітерліктей емесін мойындауымыз қажет. Балалар алаңдары жабдықталмаған, үйлер тозған. Мысалы, біз шетелге барамыз. Әсіресе, Шығыс Еуропадағы Балқан қалаларын алайықшы. Олардың бюджеті әлдеқайда аз, ал қалалары өте таза», - деді Тоқаев.
Президенттің пікірінше, қаланың жай-күйіне ең алдымен жергілікті билік және қала тұрғындары жауапты.
«Біріншіден, бұл – муниципалды биліктің жұмысы. Екіншіден, қала тұрғындарының да қатысы бар. Біз бәріміз қала тұрғындарының өз көшелеріне, үйлеріне және тағы басқаға мүлдем немқұрайлы қарайтынына тап болып отырмыз. Әрине, бұл еліміздің имиджі мен беделіне әсер етеді. Айтпақшы, мұндай жағдай елордада болып жатыр. Осыған дейін мен тек қала орталығы емес, оның шетіндегі елдімекендер Астананың жоғары мәртебесіне сай болуы керек деп бірнеше рет айттым», - деді Тоқаев.
Одан бөлек, Қасым-Жомарт Тоқаев әкімдерге өзі басқаратын қала мен елдімекендерді жаяу аралауды тапсырды.
Сіздер Астана немесе облыстық маңызы бар қалалар болсын, тіпті мәртебесі одан төмен қалалардың жай-күйі өте нашар екенін білесіздер. Мұнда барлық деңгейдегі әкім, мәслихат өкілдері қатысып жатыр. Мәселеге назар аударыңыздар. Жақында сюжет көрсетілді: Семейдегі ойын алаңын пайдалану қауіпті. Әкімдер өзі басқаратын қалалар мен елдімекендерді жаяу аралауға тиіс. Бұл Астанаға да қатысты, - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.