Қызылорда облысында білім саласындағы былық азаймай тұр

11 607

Қызылорда облысында білім саласындағы былықтар әшкереленуде, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі. 



Бүгінде білім саласына мемлекет тарапынан көрсетілген қолдау зор. Облыс бюджетінің басым бөлігі де осы салаға бағытталған. Әйтсе де, педагогтар арасында сыбайлас жемқорлық оқиғалары азаймай отыр. Мәселен балабақша меңгерушісі мен мектеп директоры заң бұзушылықтарға жол берсе, енді бір ақпарат көздерінде мектеп директоры пара алу дерегімен ұсталды деп жарыса жазатыны тағы бар. Ел ертеңін тәрбиелеуші ұстаздар «ұлағатты» деген ұғымға неліктен сай болмай отыр?


«Ұлағатты» ұстаздарымыздың басы даудан арылмай-ақ қойды. Жас ұрпаққа дұрыс бағдар, сапалы тәлім-тәрбие беру басты міндеті саналатын білім беру мекемелерінің жұмысы ашық та мінсіз болуға тиіс. Алайда өңірдің білім саласы қателіктен сабақ алмай, жемқорлыққа жиі жол береді.


Аймағымызда  білім саласындағы бірқатар былықтары  бірінен кейін бірі анықталуда. Ауруын жасырған аңдамай өледінің кейпін киген білім саласындағы құйтырқы әрекеттер әшкерелене басталғандай. Атап айтқанда аудандық білім бөлімінің басшысы мен бухгалтеріне қатысты қылмыстық іс тергеліп жатыр. Ресми ақпаратта қомақты қаражатты иемденді деп күдікке ілінген басшылық «1 С бухгалтерлік» программасы бойынша білім беру мекемелерінің қызметкерлері болып табылмайтын тұлғалардың есеп-шоттарына еңбекақы түріндегі ақшалай қаражатты аудару арқылы 543 млн теңге сомасында бюджет қаражатын жымқырды деген айыппен күдікке ілінді делінген.


Естеріңізге сала кетсек, жоғарыда көрсетілген «1 С Бухгалтерлік бұлтты»  есепті бағдарламасы жайында «Қызылорда облыстық білім беру саласындағы былық» атты мақаламызда толық жариялаған болатынбыз.


Қызылорда облысының Білім басқармасы соңғы жылдары сыннан да көз ашпай қойды.  Аудандағы бөлім басшыларының бірі төбелестің құрбаны болып, жұмыстан босатылса, енді бірі «айды аспанға бір-ақ шығарды». Расында бір құмалақ бір қарын майды ірітеді дегендей басшылық тарап осындай құйтырқы әрекетке білек сыбана кірісіп кеткен болса, мектеп қабырғасында білім алып жатқан балалардың болашағы бұлыңғыр. Олай деуге басты себеп күнара жаға жыртысып, жүкті болған, бірін-бірі өлерменше сабап, тепкіге салған мектеп оқушылары басшылықтың жемісі емес пе?


Ол аздық еткендей Қызылорда қаласындағы орта мектептің бухгалтері 12,6 млн теңге көлемінде ақшалай қаражатты иемденген. Тіпті, Қызылорда қалалық №2 сотының үкімімен бухгалтер 7 жылға бас бостандығынан айырылды. Ол 5 жыл мерзімге белгілі бір лауазымдарды атқару құқығынан айырылған еді.


Аймағымыздың бас педагогы аталмыш оқиғалардың бәрінен хабардар бола тұра шара көрмеуіне не себеп? Әлде мұның астында біз біле бермейтін «құйтұрқы» мүдделер сыбайластығы жатыр ма?