Әйелін ұратындардың жазасы күшейтілді

175

Ішкі істер істер министрлігі тұрмыстық зорлық-зомбылық үшін жазаны күшейтті, деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі. 



Ресми мәліметке сәйкес, бүгінде тұрмыстық зорлықтан зардап шегушілер өміріне немесе денсаулығына қауіп төнген кезде полицияға жүгінеді, ал тәртіп сақшылары келгеннен кейін агрессорларға қарсы арыз жазудан бас тартады. Өткен жылдың өзінде полицияны 70 мың рет шақырған. Бірақ арыз жазылмаған.


Полиция келіп кеткеннен кейін отбасындағы жанжал көп жағдайда әрі қарай жалғасады, кейде бұл ауыр зардаптарға әкеліп соғып жатады. Сондықтан арызсыз әкімшілік іс қозғауға шешім қабылданды.


Әкімшілік полиция комитеті төрағасының орынбасары Ренат Зұлқайыровтың айтуынша, әкімшілік хаттаманы толтыру үшін көршілер мен куәгерлердің айғақтары ескеріледі. Сондай-ақ бейнебақылау камераларының материалдары негізге алынады. Соңғы шешімді сот қабылдайды.


Қазіргі кезде әкімшілік хаттама рәсімделгеннен кейін жәбір көрген әйелдер агрессормен сотта татуласып жатады. Оларға қысым жасалады, я болмаса, туыстары арызын қайтаруға көндіріп жатады.


Мысалы, өткен жылы тұрмыстық жанжалдар бойынша сотқа 47 мың әкімшілік іс жіберілді. Соның ішінде 20 мың іс тараптардың татуласуына байланысты тоқтатылды.


Енді сотта бір рет қана татуласуға мүмкіндік беріледі. Одан кейін жанжал қайталанса, әйелі кешірім жасаса да, агрессор жауапқа тартылады.


Бүгінде тұрмыстық зорлық-зомбылық үшін 5,10 және 15 тәулікке дейін қамауға алу жазасы қарастырылған. Ал соттар көбінесе 1-5 тәулікке қамауға шешім шығарып отырады.


Әкімшілік кодекске енгізілген түзетулерге сәйкес, заң бұзған адамға ескерту жасалады, я болмаса, бірден 5 тәулікке қамап тастайды. Ал заң бұзушылық қайталанса, 10 тәулікке қамалады. Жазаның мерзіміне қатысты баптардан "дейін" деген сөз алынып тасталды.


  • ұрып-соққаны үшін кем дегенде 10 тәулікке қамау (бір жылдың ішінде қайталанса, 20 тәулік);
  • денсаулыққа жеңіл зиян келсе, 15 тәулікке қамау (бір жылдың ішінде қайталанса, 25 тәулік);
  • қорғау нұсқамасын бұзғаны үшін ескерту болмайды, бірден 10 тәулікке жауып тастайды;
  • соттың жүріп-тұруға қатысты талабын бұзғаны үшін айыппұл салынбайды, 10 тәулікке қамауға алады (бір жылдың ішінде қайталанса, 20 тәулік).


Қылмыстық кодекстің жекелеген баптарына (ҚК 106-бабы, ҚК 107-бабы) ауыр және орташа ауырлықтағы денсаулыққа зиян келтіруге байланысты "кінәліге материалдық немесе өзге де тәуелділігі бар адамға қатысты іс-әрекет жасау" деген саралау белгісі енгізілді.


Осының арқасында қылмысты шағын ауырлықтан орташа ауырлыққа ауыстыруға және қылмыскерді оқшаулау үшін қамауға алу түріндегі санкцияны қолдануға, сондай-ақ жауапкершілікті күшейтуге мүмкіндік бар. Ал Қылмыстық кодекс бойынша денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіргені үшін 3 жылдан 8 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған. Осы қылмыс екі және одан да көп адамға қатысты жасалса, 6 жылдан 10 жылға дейін түрмеге қамап тастауы мүмкін.


Бұдан бөлек, 107-бапта денсаулыққа қасақана ауырлығы орташа зиян келтіргені үшін жауапкершілік қарастырылған. Жазаның мерзімі – 2-3 жыл.


Биыл 16 наурызда парламент депутаттары тиісті заңды қабылдады. Президент қол қойды.


Осылайша Қылмыстық кодекске енгізілген өзгерістер 19 мамырдан, ал әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекске енген түзетулер 1 шілдеден бастап заңды күшіне енеді.