Қазақстанда туу көрсеткіші төмендеді

157

Елімізде пандемия кезіндегі нәресте бумы әп-сәтте төмендеп кетті. Тіпті 15 жыл бұрынғы көрсеткішке қайта оралған, деп хабарлайды "Opennews.kz"  ақпарат агенттігі Ranking.kz-ке сілтеме жасап. 


Сараптамалық сайт дерегіне сүйенсек, Қазақстанда соңғы 20 жылда алғаш рет жаңа туған нәрестелер саны бір жылда 9,5 пайызға азайған. Былтыр 403,9 мың сәби дүниеге келді, бұл 2021 жылғы көрсеткіштен 42,6 мыңға аз. Ол кезде көрсеткіш айтарлықтай жоғары болған. Сонымен бірге, 2020 және 2021 жылдардағы пандемияда туу көрсеткішінің жоғарылағанын атап өткен жөн. Осы нәресте бумының фонында 2022 жылғы көрсеткіштер азайған сияқты көрінгенімен, шын мәнінде көрсеткіш 2019 жылғы ковидке дейінгі деңгейіне оралды.


Жалпы елде Түркістан облысы жаңа туған нәрестелер саны бойынша көшбасында. Өңірде былтыр 58,2 мың нәресте дүниеге келген. Мұнан кейін 36,1 мың сәби көрсеткішімен Алматы қаласы, үшінші орындағы Алматы облысында 34,9 мың кішкентай қазақстандық туылды. 


Биылға келетін болсақ, бірінші тоқсанда көрсеткіш 2022 жылдың қаңтар–наурыз айларымен бірдей. Елімізде былтыр бірінші тоқсанда 93,6 мың сәби дүниеге келсе, биылғы үш айда 93,5 мың сәби өмір есігін ашқан. 


Туудың жалпы коэффициенті 2021 жылы 23,5 болса, 2022 жылы 20,6-ны құрады. Жаңа туған нәрестелер санының жалпы халық санына қатынасын сипаттайтын бұл көрсеткіш бойынша Қазақстан 15 жыл бұрынғы көрсеткішке қайта оралған. 2007 жылы бұл көрсеткіш 20,8 болған еді. 


Бала туу көрсеткіші бойынша Қазақстанның өңірлерін екі санатқа бөлуге болады: статистика жоғары көрсеткіштерді тіркейтін оңтүстік және батыс, сондай-ақ жаңа туған нәрестелер әлдеқайда аз солтүстік, шығыс және орталық.


2022 жылы туу көрсеткіші бойынша өңірлер рейтингінде бірінші орында 28,5 көрсеткішпен Маңғыстау облысы тұр. Еске салайық: ел бойынша орташа көрсеткіш, 20,6 коэффициенті. Екінші орынды халқы тығыз Түркістан облысы (27,7), үшінші орынды Шымкент қаласы (27,1) иеленді. Ал аутсайдерлер қатарында Солтүстік Қазақстан (11), Қостанай (12,4) және Шығыс Қазақстан (13) облыстары.


Республикадағы бала туу көрсеткішінің төмендеуі сондай-ақ бірқатар әлеуметтік және демографиялық факторларға байланысты. Біріншіден былтыр Қазақстанда некеге тұру көрсеткші 8%-ға қысқарған. Екіншіден урбанизацияға және елдегі әйелдердің әлеуметтік рөлінің біртіндеп өзгеруіне байланысты қыздардың бірінші некеге тұру жасы артуда. Бұл өз кезегінде балалардың туу жасын өзгертеді.