Дәрігер науқастың антибиотикке аллергиясы барын біле тұра екпе жасап, оны өлтіріп алған
Тараздық тұрғын Серік Жорабеков құлағын тексерту үшін лор дәрігерге барып ажал құшты, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі “Көреміз” бағдарламасына сілтеме жасап.
Марқұмның жақындарының айтуынша, 2022 жылдың 14 қаңтар күні орын алған қайғылы жағдай дәрігердің салғырттығынан болған. Ерлан Садуұлы деген дәрігер науқастың антибиотикке аллергиясы барын біле тұра екпе жасап, өлтіріп алған. Қара жамылған отбасы алдына келген науқасты өлтіріп алған дәрігер жазасыз қала ма деп қорқады. Әділдік іздеп жүрген себебі де сол.
“Інімнің құлағы ауырып, суық тиген, екі жақты отит деген соң келіншегі дәрігерге апарады. Олар Байзақ ауданы, Сарыкемер ауылындағы лор дәрігерден аудиограммаға түсіп кел деп бағыттама алып, "Садыхан" диагностикалық орталығына жібереді. Бұл жақтағылар аудиограммаға түсіріп, дәрісін жазып беріп, өз ауданына қайтару керек болатын. Бауырымды қабылдаған дәрігер Ерлан Садуұлы інімнен: "Не жұмыс істейсің? Ақшаларың бар ма?" деп сұраған. Інім: "Мұғаліммін, ақшам бар" деп жауап берген. Содан бұл: "Мен сендерді емдеймін" деп келініме дәрілердің тізімін беріп, алып келуді бұйырған. Келінім дәрігерге дәрілерді беріп тұрып: "Антибиотик салмаңыз, аллергиямыз бар" деп ескерткен. Мұны інім де айтқан. Сонда дәрігер: "Апталдай жігітсің, мұны үш жасар бала да көтереді. Мен білікті маманмын, сені емдеймін" деген. Дәрігер бөлмеде інімді кіргізіп, келіншегін сыртқа шығарып жіберген. Келінім ұзақ күтіп қалған соң бөлмеге кіріп келсе, інім жерде құлап жатыр екен. Келіншегі көре сала бөлменің терезесін ашып, сырттағы дәрігерлерді көмекке шақырған. Ал бұл кезде әлгі дәрігер ес жиғызу үшін тек мүсәтір спиртін иіскетіп тұра берген", - дейді марқұмның әпкесі Шыңғыскүл Жорабекова.
Адам өлтірді деп айыпталып отырған Ердан Садуұлы Өзбекстан Республикасының азаматы болып шықты. Самарқанд қаласындағы "Академик Павлов" атындағы мемлекеттік медициналық институтты тәмәмдаған ол Қазақстанға 1996 жылы қоныс аударған. Жалпы еңбек өтілі 38 жыл, ал "Садыхан" диагностикалық орталығындағы еңбек өтілі 5 жыл.
Болған жағдай туралы марқұмның жары Ғалия Рахметілдаеваның өзі айтып берді.
“Ешқандай ауруы жоқ, денсаулығы жақсы еді. Соңғы күндері құлағы ауырған соң екеуіміз де тексерілейік деп барған едік. Дәрігердің қолынан кетіп отыр. Антибиотик болмайды деп екеуіміз де шырылдадық. “Мен кішкентай баланы да емдеп жүрмін” деп бой бермеді. Біз оған сендік қой. Оның өз білгенін істеп отырғанына таңғалдық. Жедел жәрдем немесе аллерголог шақыртса болар еді. Екеуіміз дәрігерге жолықтық, ол 20 мың теңгеге дәрі жазып берді. Мен ақша жеткенше алып бердім де сыртта күттім. 20 минут өтті бөлмеге кірсем күйеуім жерде сұлық жатыр екен. Дәрігерден не істедіңіз десем: “Құлағына дәрі тамыздым” деді. Есік-терезені ашып, су беріңіз деп айқайладым. “Ине салдыңыз ба? деп сұрасам бірде салдым, бірде салмадым деп тұр. Сөйтіп мүсәтір спиртін иіскетіп тұр. Не істерімді білмей күйеуімнің әпкесіне хабарластым. Біз бөлмеден шығып кеттік, дәрігерлер жинаоып қалды. Бірден жедел жәрдемге хабарластым, ол да кешігіп келді. Әпкелерімді шақырттым, сөйтіп күтіп отырдық. Не болғанын білейік деп ішке кірейік десек, “жақсы болды” деп бізді кіргізбей, күттіріп қойды. Бірде дәрігерді қабылдауын күтіп отырған жанымыздағы науқастарды қабылдамайды деп шығарып салды. Араға уақыт салып дәрігерлер тарап кетті. Қайын әпкем есікті ашып қараса жағын байлап қойыпты, күйеуім қайтым болып кетіпті”, – дейді Ғалия Рахметілдаева.
Марқұмның антибиотикке аллергиясы бары бұған дейін белгілі болған. Ауырып тұрып танысына ине салдыруға барғанда аллергияның белгілері байқалып, қолы бөртіп, тыныс алуы қиындаған. Сол кезде танысы аллергияны тоқтататын антигистаминді препарат беріп, аман алып қалған. Танысының айтуынша, ол Серікке де, әйеліне де антибиотик салдырмау керегін ескерткен.
Біліксіздігінен бір әулетті арқа сүйер азаматынана айырған дәрігер Ерлан Садуұлы қателігі үшін кешірім сұрамақ түгілі, марқұмның жақындарына көңіл айтуға жарамаған. Серік Жорабековтың туыстары дәрігердің жазасыз қалғанын айтып, әлі күнге дейін жұмысын жалғастырып жүргеніне қапалы. Ісіне салғырттық танытқан дәрігердің қызметінен босатылуын талап еткен олар мекемеден: “Бұрын меңгеруші болатын. Қазір қарапйым дәрігер санатына түсірдік” деген жауап алды.
Марқұмның жақындарының айтуынша, Ерлан Садуұлының әкесі екіжақты келісімге келу үшін әкесінен айырылған балаларға үй алып беремін деп уәде еткен. Алайда, ақшаның жоқтығын сылтаулатып жоқ боп кетті. Сөйтіп сөзінде тұруын талап етіп, дәрігердің өзін іздеп барғанда: “Мен үй алып беремін деп айтқан жоқпын. Шал айтқан, сол әперсін” деген. Бағдарламаға әділдік іздеп келген Серік Жорабековтың әпкесі Шыңғысгүл Жорабекова қаржылай көмекке мұқтаж еместігін айтып, айыпталушының заң жүзінде жазалануын талап етіп отыр.
Осы орайда біліксіздік танытты деп айыпталып отырған дәрігер Ерлан Садуұлының да айтары бар екен.
“Ол кісінің екі құлағының пердесі тесік. Құлағының созылмалы қабынуы байқалды. Соның салдарынан есту қабілеті төмен. Оны аудиограмма деген аппаратпен тексеріп, есту қабілетінің төмен екенін анықтадық. Лупаға ұқсас аппаратпен құлағының ішін көріп едік, құлағында тесік барына көзіміз жетті. Сөйтіп құлағына дәрі құйдым. Дәрі арқылы есту қабілеті жоғарыласа, науқасқа ота жасауға болатын еді. Қажетті дәрілерді жазып бердім, маған алып келді. Антибиотик болмайды деп ескертті, бірақ нақты қандай антибиотик екенін айтқан жоқ. Содан сынама жасап көрдім. 3,5 миллилитрлік ампуланың 3 миллилитрін еріттім. Сол ерітіндінің 0,2-0,3 миллилитрінің оң қолына тері ішіне салдым. Бұл сынама болатын. Аллергия болса 1 сантиметрден асып, қызару керек еді. Оның бүкіл денесі қызарып, бөртіп кетті. Үстіндегі фубтболкасын шешіп тастады. Ротоцеф деген дәріні ектім. Бұл жағдай аяқ асты болды”, – дейді Ерлан Садуұлы.
Студияға келген аллергологтың айтуынша, дәрігердің кінәсі науқастың денесіндегі бөртпені көріп дер кезінде антигистаминді препаратты бермеуінде. Аллергиялық шокқа қарсы препараттар салынып, егілу керек дейді.
Өз кезегінде "Садыхан" диагностикалық орталығының бас дәрігері болған жағдайға қатысты пікір білдірді.
“Ерлан Садуұлы – көп жылдан бері жұмыс істеп жүрген дәрігер. Облыстық мекемелерде де қызмет еткен білікті маман. Мұндай жағдай бірінші рет болып тұр. Анафилактикалық шок – адам ағзасының дәрі-дәрмекке қарсы реакциясы, кенеттен болатын жағдай. Статистика бойынша, анафилактикалық шок алған науқастардың 20%-ы өліммен аяқталады. Қайғылы жағдайдан кейін ол екі айға жұмыстан шеттетілді. Екі айдан кейін түсініктемелер жазып, барлық құжаттар құзырлы органға өткеннен кейін оны қайтадан жұмысқа шақырдық. Өйткені облыста мамандар тапшы. Халықтың шағымы көбейді”, – дейді Ажар Ысқақова.
Айыпталушы дәрігер анафилактикалық шокты күде көре бермейміз деп ақталды.
“Осы жерд апыр-топыр болып медбикені, басқа дәрігерлер мен аллерголог маманды шақырдым. Ол кісіге алғашқы көмек көрсеттік. Науқас денесі қышып, кіші дәретін жіберіп қойды”, – дейді Ерлан Садуұлы.
"Садыхан" диагностикалық орталығындағы қайғылы жағдайдан кейін Денсаулық сақтау министрлігі жекеменшік мекемеде тексеру жұмыстарын жүргізген.
“ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің медициналық және фармацевтикалық бақылау комитетінің Жамбыл облысы бойынша департаменті Тараз қаласында орналасқан "Садыхан" диагностикалық орталығындағы өлім дерегі бойынша жоспардан тыс тексеру жүргізді. Тексеру жұмыстарына тәуелсіз сарапшылар қатысты. Тексеру жұмыстары барысында бірқатар кемшіліктер анықталды. Атап айтқанда, анамнез толық жиналмаған, анафилактикалық шок клиникалық хаттамасы толық орындалмаған”, – дейді Жамбыл облысы департаментінің бөлім басшысы Дастан Ермаханов.
Оқиға орын алғанына 1 жарым жыл болды. Тергеу ісінің не себепті ұзаққа созылуына байланысты Тараз қаласындағы ПБ бастығының орынбасары Әділет Сүлейменов жауап берді.
“Бұл қылмыстық іс 2022 жылы 18 қаңтарда басталды. Осы уақытқа дейін тергеп-ьексеру амалдары жүргізілуде. Бұл жәй ғана қылмыстың түрі емес. Медициналық қызметкерлердің кінәлі екені немесе кінәсіздігі сот-медициналық сараптаманың қорытындысына сәйкес дәлелденеді. Сот-медициналық сараптаманың қорытындысын күтіп қалғандықтан тергеу ұзаққа созылды. Жәбірленуші тараптын барлық арыз-талаптары толық қаралады”, – дейді ол.
Адам өлімі тіркелген "Садыхан" диагностикалық орталығының қызметкерлері бағдарламаға шықарылды, бірақ компания студияда бой көрсетуден бас тартты.
Марқұмның жары Ғалия Рахметілдаева істің әділ аяқталуын қалайтынын айтып, кінәлі дәрігердің тиісті жазасын алуын талап етті.