Шеру ұйымдастырып жол апатына түскен түлектердің жағдайы ауыр
Маңғыстау облысында мектеп бітіруші түлектер жол апатына түсті, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі.
Облыстық денсаулық сақтау басқармасы баспасөз қызметінің басшысы Мөлдір Әділдің айтуынша, жол апаты Сайөтес ауылы маңындағы тасжолда орын алған.
Жол апатының салдарынан жеті адам түрлі дәрежелі жарақат алған, оның екеуінің жағдайы ауыр деп бағалануда.
«Жол апатынан зардап шеккен екі адам санитарлық авиациямен облыстық ауруханаға жеткізілді. Олардың жағдайы ауыр. Қалған бес баланың жағдайы орташа ауыр. Олар Маңғыстау аудандық ауруханасында жатыр», — деді аурухана директорының орынбасары Орынгүл Мұқанова.
Оқу жылының аяқталуына байланысты Маңғыстау облысының полициясы күшейтілген режимде жұмыс істеп жатыр. Оқыс оқиғалар мен қайғылы жағдайлардың алдын алу мақсатында арнайы рейдтік шара ұйымдастырылды, деп хабарлайды өңірлік полиция Instagram парақшасында.
«Әлеуметтік желілерге жарияланған барлық құқықбұзушылық назарға алынды. Қазіргі уақытта олардың бірқатары бойынша заңды шаралар қабылданды және әлі де полиция қызметкерлері жауапкершілікке тарту бойынша жұмысты жалғастыруда.
Құрметті түлектер, түнгі мезгілде құқықбұзушылықтар жасауға жол бермеңіздер! Қоғамдық тәртіпті қадағалауға полиция күштері толық жұмылдырылды. Құрметті ата-аналар, ұстаздар, мектеп директорлары балаларды қатаң бақылауда ұстаңыздар!», — делінген хабарламада.