Құмар ойынның құрбандары көбеюде

5 953

Құлқынның құлы болып, құрдымға айналған құмар ойыншылардың саны көбейіп барады, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі. 


Қоғам дертіне айналған құмаршылықтың қарқыны қорқытады. Ойнаймын деп от басып, өлім құшқандар мен букмекерлік кеңселерде барынан айырылғандардың саны қаншама?


Лудомания – әлемдік деңгейдегі аурулардың бірі. Ауру деуге негіз де жоқ емес. Әлемді былай қойғанда, елімізде ажырасқан 10 отбасының жетеуі құмар ойынның құрбаны. Статистикаға сүйенсек, соңғы үш жылдың көлемінде букмекерлік кеңсенің қаржылық айналымы 1,589 миллиард теңгені құраған. Ал, 1 қазақстандықтың құмарлық кеңселердің алдындағы қарызы орта есеппен 10 миллион теңгені құрайды. Былтырғы 3 676 суицид фактісінің әрбір бесіншісі аталған аурудың кесірінен. Ересек есті кісілерді былай қойғанда, мектеп оқушылары да бәс тігіп байланған-ды. Ойлаудың өзі қорқынышты. Қарызға белшеден батса да, құмары қанбаған қазақстандықтардың букмекерлік кеңсенің «тұрақты қонағы» болуды қашан доғармақ? Букмекерлік кеңселерді бұғаттауға мемлекет қаншалықты қауқарлы?


Қала көшелеріндегі афишалардың қарасы букмекерлік кеңселерді жарнамалаудан жалыққан емес. Көз үйреніп, құлаққа түрпідей тимейтін деңгейге де жеттік. Тапқан табысын тәрк етіп, үйіндегі техникаға дейін тасудан бәстік кеңселердің «тұрақты клиентері» тайсалмайды. Бұл тіпті қорқынышты.


Мәжіліс депутаты Руслан Берденов бұл мәселені көтеріп, болуы мүмкін бейберекеттің алдын алу шараларын жүргізуде. Мәжіліс депутаты аталған мәселенің ауқымы кең екендігін, жас ерекшелігіне қарамай жұртшылық түгел тәуелді екенін өз парақшасында жеткізді. Депутат дайректіне келіп түскен хаттардың басым бөлігі букмекерлік кеңсенің кесірінен бармағын шайнағандар екендігін қоса айтты. Депутаттың айтуынша, мемлекет тарапынан жасалған шаралар қауқарсыз. Қанша бұғат қойса да, кеңселер ғаламтор ресурстарын қолданып, жұмысын сәтті жүргізуде. Бұл тұста шенді:

«Әлеуметтік тұрмысы төмен елдерде құмар ойындары тез дамиды. Себебі жастар, жұмыссыз халық жедел байығысы келеді. Бұл букмекерлік кеңсенің көбеюіне бірінші себеп. Алматыны алып қарайық. Қалаға кіргеннен бастап бәстік кеңсенің жарнамаларына толы. Түрлі демалыс орындарына барсақ та, мемлекеттік арналарды қоссақ та осы құмар ойынды қолдаушылар. Қай жақты алсақ та, құмар ойын. Бұл жағдайдың мұнша белең алуына бәріміз кінәліміз. Себебі сұраныс бар жерде ғана ұсыныс болады», - деді өз сұқбатында.


Құмар ойынның әкелер еш пайдасы жоқ. Басыңа бәлекет үйіріп, былыққа батыратын бұл ойынға құлшынбау қажет. Ойынға тек ойсыз құмар. Сондықтан да қалың құлқынның құлы болып, қарыздың қақпанынан қашқан жөн. Оңай ақшаны олжа етем деп, от басудан аулақ болайық!