Қорғаныс министрі 488 млн теңгенің жанармайын жымқырды деген күдікке ілінді

232

Қорғаныс министрі Руслан Жақсылықов жанармай ұрлады деп айыпталуда, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі.


Ұлттық ұланның бұрынғы кадр қызметкері, оставкадағы подполковник Нұржан Жақсыбаев қорғаныс министріне ауыр айып тақты. Оның сөзінше, Руслан Жақсылықов Астана маңындағы екі әскери бөлімшеден 488 миллионның жанармайын жымқырған. 


Баспасөз жиынында Нұржан Жақсыбаев пен оның адвокаты бұл істе министрдің қатысты барын дәлелдеу үшін айғақ жеткілікті дейді. 


“Бұл жанармайды жымқыруға сол кездегі Ұлттық ұланның бас қолбасшысы, қазіргі қорғаныс министрі Жақсылықов Руслан Фатихұлы тікелей қатысты. Істі тергеуде бірнеше куәгер оған қарсы дәлелмен, фактілермен түсінік берді. Жанармайды әскери бөлімшелерден ұрлау 2022 жылдың қаңтар айына дейін жалғасқан. Тек аудиторлар түбегейлі тексеріс бастағаннан кейін ғана ұрлықтың артын жабу мүмкін болмады”, – деді подполковник Нұржан Жақсыбаевтың қорғаушысы Самат Сырлыбаев.


Нұржан Жақсыбаев Астана маңындағы Қараөткел ауылындағы бөлімшелерде отын жетіспеушілігі Қаңтар оқиғасынан кейін белгілі болғанын айтады. Кейін қылмыстық іс қозғалып, 140 адам тергеліпті. 100 томдық істе ведомстводағы лауазымды тұлғалардың ұрланған отынмен жер үйін жылытқаны да анықталған. Дегенмен 2 жылға созылған тергеу нәтижесінде барлық жанармайды ұрлауға отставкадағы подполковник жауапты болып қалған. 


Министрдің өзі бұл тақырыпты қозғағысы келмеген. Үкімет жиынынан шыққанда Руслан Жақсылықов "істің ақ-қарасын сот шешсін" деп қысқа қайырыпты.


“Ол адвокат, сонымен ақша табады. Сондықтан негізсіз арандатуға мен тіпті түсініктеме де бермеймін”, – дейді қорғаныс министрі Руслан Жақсылықов.