Шетелдік көліктерді заңдастыру науқаны 1-шілдеде аяқталады
1-шілде күні елімізде шетелдік көлікті заңдастыру тоқтатылады, - деп хабарлайды «Opennews.kz» ақпарат агенттігі.
Қазір көлік алғысы келгендердің аузынан 1 шілдеден соң кеденде көлікті рәсімдеу қанша болады деген сұрақты естисің. Жыл басынан бері автонарықта жанталас, соңғы айда тіпті өршіп тұр. Елдің барлығы арзан көлік алып қалғысы келеді. Осы орайда шетелден әкелінген көлікті заңдастыру үшін арнайы былтыр 1 қыркүйекте Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына жолдауында елімізге заңсыз кірген автокөліктерді тіркеу туралы біржолғы шешім жасауды ұсынған. Бірақ ол үшін арнайы талап бар. Яғни шетелдік көлік елімізге 2022 жылғы 1 қыркүйекке дейін кіруі тиіс.
Ағымдағы жылдың 23-қаңтарынан бастап 2022 жылғы 1-қыркүйегіне дейін әкелінген және Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес мемлекеттік тіркеуден өтпеген шетелдік автокөліктерді тіркеу жұмыстары қарқында жүргізілуде.
Тіпті Қызылорда облысы бойынша тіркеу жұмыстары басталғалы барлығы 9785 көлік құралдары заңдастырылған.
«22-мамырдан бастап «Конструктор» ретінде шет мемлекеттен алып келінген автокөліктерді тіркеу үшін азаматтардан өтініштер қабылдануда. Иеліктен шығару құқығынсыз 275 автокөлік тіркелді. Олардың 134-і Армения Республикасы, 131-і Ресей Федерациясы, 10-ы Қырғызстан Республикасының мемлекеттік тіркеу куәлігімен өтініш білдірген автокөліктер. Шетелдік көлік құралдарының жекелеген санаттарын бастапқы тіркегені үшін алым мөлшерлемесін қолдану қағидалары, шарттары мен мерзімдері туралы Қазақстан Республикасының Үкіметі Қаулысының негізінде тіркеу жұмыстары 2023 жылдың 1-шілдесіне дейін жүргізілетіндігін ескере отырып, облыс тұрғындарын шетелдік автокөліктерін тіркеуге шақырамыз.»,- дейді Қызылорда облысының Әкімшілік полиция басқармасының қызметкерлері.
Осы орайда, көлік құралдарын тіркеу мәселелері яғни, өтініштерді қабылдау уақытының ұзартылғандығы жөнінде әлеуметтік желілерде жалған ақпараттар тарауда.
Расында, Мәжілісмен Наурыз Сайлаубай көтерген мәселелердің бірі осы шетелдік көліктерге тікелей байланысты болған.
«Елімізде мұндай 80 мыңға жуық көлік бар. Олардың саны көбеймесе, азаймайды. Себебі елімізде ескі көліктердің бағасының өзі шарықтап тұр. 2022 жылдың 1 қыркүйегінен кейін шетелде тіркелген көліктерді айдаған Қазақстан азаматтарына еліміздің шекарасына кіруге неге рұқсат берілді? Президент жолдауында заңсыз көлік әкелетін амал-тәсілдің бәріне тосқауыл қою үшін батыл шаралар қабылдау қажет деді. Тосқауыл қою үшін қандай шаралар қабылданды? Шекарамыздан өткен шетелде тіркелген автокөліктердің қаншасы мемлекеттік тіркеуден өте алмады және олардың тағдыры не болмақ?»,- деді депутат.
Республика бойынша, Осы уақытқа дейін 161 мың автокөлік заңдастырылды, тағы 13 мыңнан астам көлік иесі құжат тапсырды. Бұдан бөлек, 7 мыңға жуық автокөлік-конструктор есепке қойылған.
Әкімшілік полиция комитетінің төрағасы Қайсар Сұлтанбаев 1 шілдеге дейін өтінім беруге болатынын еске салды. Одан кейін өтінімдерді қабылдау тоқтатылады.
«1-шілдеден кейін шетелдік есепте тұрған автокөліктерді Қазақстан Республикасының заң талаптарын бұзып пайдалануды жалғастырған азаматтарға тиісті шаралар қабылданатын болады. Заңдастыру мерзімі ұзартылмайды. Ал Еуразиялық экономикалық одақ елдерінде бұрынғы тіркелген жері бойынша есептен шығарылмаған және заңдастырылмаған автокөліктерді 5 жылға уақытша есепке қоюға рұқсат беріледі.»,- деді Әкімшілік полиция комитетінің төрағасы Қайсар Сұлтанбаев.