Әйелін 18 жерден пышақтап өлтірген азамат 1,5 жылға сотталды
Әйелін 18 жерден пышақтап өлтірген азамат 1,5 жылға сотталды,- деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі.
2022 жылы 12 қазан күні Алматыдағы ауруханалардың бірінде адвокат Айман Асанова қайтыс болды. Алматы қалалық Полиция департаменті осы аса ауыр қылмысты жасады деген күдікпен марқұм әйелдің бұрынғы жолдасы - 1974 жылы туған Н. есімді азаматтың іздестіріліп жатқанын растады. Көп күттірмей қолға түскен күдіктіге кісі өлтірді деген айып тағылып, кейін ер адамның қылмыстық жазасы жеңілдетілген.
Алматы сотының хабарлауынша, алқабилердің үкімі бойынша айыпкер аффект жағдайында кісі өлтіргені үшін кінәлі деп танылды. Сотқа дейінгі тергеу органы Н. ажырасқаннан кейін мүлікті бөлу бойынша жанжалға байланысты бұрынғы жұбайын мақсатты түрде өлтірді деп айыптады (ҚК-нің 99-б. 1-б.). Қылмыстық істі қарауға 10 алқаби қатысқан.
Заң бойынша сотталушының кінәлі немесе кінәсіздігі туралы үкім әрбірі 1 дауысқа ие алқабилер мен судьяның дауыс беруі арқылы қабылданады.
ҚК-нің 101-б. 1-б. (аффект жағдайында кісі өлтіру) санкциясы бас бостандығынан 3 жылға дейін шектеу немесе айыру түріндегі жаза тағайындалады.⠀
Прокурордың айыптау актісінде ауырлататын мән-жайлардың жоқ екені көрсетілген.
Заң бойынша (ҚК-нің 55-б. 2-б.) айыпты жеңілдететін және ауырлататын мән-жайлар болмаған кезде жаза 1 жыл 6 айдан (3 жылдан 1/2) аспауы тиіс. Алқабилер соты Н.-ға 1 жыл 6 ай бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады.
Оның мұндай күйде әрекет етуі психологиялық сараптамамен дәлелденіп, айыпталушының бұрыңғы некесінде кәмелетке толмаған екі баласы бары да ескерілген. Алайда 1 жыл 6 ай мерзімінің 6 айын қамауда өткізіп үлгерген. Ал ол күндер есепке алынады.
Үкім заңды күшіне енген жоқ.