Облыс бойынша соңғы 6 айда 21874 азамат жұмысқа орналастырылып, жылдық меже 47,1 %-ға орындалған. Жоспарлы көрсеткіштің орындалуымен өңіріміз республика бойынша алғашқы үштікті түйіндеп тұр, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі.
Жаңа бизнес-идеяларды іске асыруға қайтарымсыз гранттар өткен жылдан бастап тек әлеуметтік осал топтарға жататын азаматтарға берілуде. Грант иеленген азаматтардың бизнес-жобаларының 36%-ы мал шаруашылығымен айналысуды көздесе, 64 %-ы технологиялық жабдықтар мен еңбек құралдарын сатып алуға бағытталған. Бұл туралы облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысының міндетін атқарушы Жанар Дәулетбаева мәлімдеді.
"Жыл басынан бері облыс бойынша 48 рет бос жұмыс орындар жәрмеңкесі өткізілді, онда 684жұмыс берушілерден 3 мыңға жуық бос жұмыс орны ұсынылып, жәрмеңкеге қатысқан 2 мыңнан астам жұмыссыздардың ішінен 1397 адам жұмысқа орналасты және 30 адам оқуға жолданды. Соның ішінде ірі жәрмеңке ағымдағы жылғы 16 мамырда «Болашақ» университетінде «Жетістіктер алаңы» атты шарасы аясында ұйымдастырылды. Шараға Абай, Ұлытау, Солтүстік Қазақстан облыстарынан келген делегациялар қатысып, «Жұмыс күшінің ұтқырлығын арттыру үшін адамдардың ерікті түрде қоныс аударуын ұйымдастыру» жобасы бойынша аймақ халқына түсіндірме жұмыстарын жүргізіп, 3 мыңға жуық бос жұмыс орнын ұсынды. Солтүстік өңірлердің өкілдері барлық аудандар мен Қызылорда қаласында ерікті қоныс аудару бағдарламасы жөнінде ақпараттандыру жұмыстарын жүргізді. Сондай-ақ облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы мен Қорқыт Ата атындағы Қызылорда университеттерімен бірлесіп, түлектерге арналған «Mansap Navigator 1.0» атты бос жұмыс орындары жәрмеңкесі өткізілді. Аталған жәрмеңкеге Қызылорда қаласы аумағындағы 28 ірі, орта жұмыс берушілерден 93 бос жұмыс орны ұсынылды,оның ішінде барлығы 170 жұмыс іздеуші қатысып, тұрақты жұмыспен 7 адам қамтылды. Олар білім беру, денсаулық сақтау, құрылыс, өндіріс, өнеркәсіп саласы, қоғамдық тамақтану, әкімшілік басқарушы персонал және мұнай-газ, шекара қызметінің мамандықтары бойынша жұмысқа орналасты", – деді Жанар Жұмабекқызы.