Қостанайда өзге аймақтан келген дәрігерлер үйсіз қалғандарын айтып шағымданды

273

Қостанайда өзге аймақтан келген дәрігерлер алданып қалдық деп шағымданды,-деп хабарлайды Opennews.kz ақпарат агенттігі 31-арнаның "Информбюро" бағдарламасына сілтеме жасап. 

Айжан Зейнетай – Қостанай қалалық ауруханасындағы жалғыз гастроэнтеролог. Шенеуніктердің уәдесіне сенген ол үш жыл бұрын отбасымен көшіп келген, бірақ әлі күнге дейін жалақыны жалға алынған пәтерге жұмсайтынын мәлімдеді. 

"Мен министрлікке хат жаздым, алайда пандемия салдарынан ақша жоқ деп жауап берді. Бұл қалай болғаны? Барлығын тастап, осында келдік. Үшінші жыл жұмыс істеп жатырмын", – дейді Айжан Зейнетай

Осындай жағдайға Айжанның үш әріптесі тап болған. Олар: гинеколог, травматолог пен уролог. 

"Тегін үй сұрамаймыз, тек жеңілдетілген шартпен үй алуға көмектессе. "Отбасы банкке" бардық. Үйлі болу үшін тұрғын үй құнының 50%-ын жинау керек. Ал бізде мұндай ақша жоқ", – деді дәрігер-гинеколог Назрулло Талипов

Қалалық аурухананың бас дәрігері 21 маманға үй қажет екенін айтты. 

"2021 жылдың тамызына дейін жалға алынған үй ақшасы төленіп келді. Себебі медициналық ұйым инфекциялық стационар болып өзгерді. Қазір аурухана ақылы негізде қызмет көрсетіп, қосымша ақша таппайды. Сондықтан үй қаржысын төлей алмаймыз", – деді бас дәрігер Данияр Жандаев

Ал облыстық денсаулық сақтау басқармасында дәрігерлерге көмектесе алмайтындарын мәлімдеді. Себебі соңғы уақытта үй бағасы өсіп кеткен екен. 

"Қазақстан ипотекалық несие компаниясына пәтер жалға беретін құрылыс компаниялары аталмыш үйлерді арзан бағада жалға беруден бас тартты. Сондықтан осы бағыттағы жұмыстар 2021 жылы тоқтап қалды", – дейді Қостанай облысы денсаулық сақтау басқармасының басшысы Рүстем Айтбаев

Сонымен қатар дәрігерлер ауруханамен бес жылға келісім жасағандықтан, ешқайда кете алмайды. Қазір олар келісім мерзімінің аяқталуын күтуде.