Шілде айынан бастап бірқатар жәрдемақылар өспек

232

Шілде айынан бастап азаматтардың жекелеген санаттарына әлеуметтік қолдау күшейтілмек, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне сілтеме жасап.


Әлеуметтік кодекс аясында 2023 жылғы 1 шілдеден бастап мемлекеттік жәрдемақылардың мына түрлері орта есеппен 14,5%-ке артады:

  • мүгедектік бойынша;
  • асыраушысынан айырылу жағдайы бойынша;
  • арнайы әлеуметтік жәрдемақылар;
  • мүгедектігі бойынша айлық жәрдемақы мөлшеріне дейін жасына байланысты зейнетақы төлемдеріне қосымша ақы алушыларды қоспағанда, жасына байланысты зейнетақы төлемдері немесе еңбек сіңірген жылдары үшін зейнетақы төлемдері тағайындалған I, II және III топтағы мүгедектігі бар адамдарға арнаулы мемлекеттік жәрдемақылар;
  • Байқоңыр қаласында тұратын және Ресей Федерациясының заңнамасына сәйкес мүгедектігі бойынша зейнетақы алатын 7 жасқа дейінгі мүгедектігі бар балаларға арнаулы мемлекеттік жәрдемақы;
  • саяси қуғын-сүргін құрбандарына немесе саяси қуғын-сүргіннен зардап шеккен, мүгедектігі бар немесе зейнеткер адамдарға арнаулы мемлекеттік жәрдемақы;
  • Қазақстан Республикасы алдында ерекше еңбегі үшін зейнетақы тағайындалған адамдарға арнаулы мемлекеттік жәрдемақы.


"Осылайша, осы жәрдемақы түрлері 2022 жылмен салыстырғанда 23%-ке ұлғаяды (биыл 1 қаңтардан бастап 8,5%-ке өскенін ескергенде). Осы мақсаттарға республикалық бюджеттен қосымша 37 млрд теңге бөлінді", - делінген хабарламада.



Сондай-ақ 1 шілдеден бастап мемлекеттік жәрдемақылар 14,5%-ке өседі:

  • бірінші топтағы мүгедектігі бар адамға күтім жасайтын адамға;
  • мүгедектігі бар баланы (мүгедектігі бар балаларды) тәрбиелеп отырған анасына немесе әкесіне, асырап алушыға, қорғаншыға (қамқоршыға).


Министрліктің ақпаратынша, қазір бұл жәрдемақылардың мөлшері 1,4 ең төменгі күнкөріс деңгейін немесе 2023 жылы 56 794 теңгені құрайды. Әлеуметтік кодекс күшіне енген кезде жәрдемақы мөлшері 1,61 ең төменгі күнкөріс деңгейіне немесе 65 313 теңгеге дейін артады. Осы мақсаттарға республикалық бюджеттен қосымша 6,4 млрд теңге бөлінді.


Әлеуметтік кодексте, сондай-ақ "Алтын алқа" алқасымен наградталған немесе бұрын "Батыр Ана" атағын алған, I және II дәрежелі "Ана даңқы" ордендерімен наградталған әйелдерге төленетін жәрдемақы мөлшерін саралау көзделген.


"Егер бүгінде 6, 7 және одан да көп бала туып, тәрбиелеген аналар бірдей мөлшерде жәрдемақы алса, енді 2023 жылғы 1 шілдеден бастап "Алтын алқа", "Батыр ана", I және II дәрежелі "Ана даңқы" ордендерімен наградтталған, яғни 7 және одан да көп баланы өмірге әкеліп тәрбиелеген аналарға арналған жәрдемақы мөлшері 7,4 АЕК-ке дейін арттырылады", - деп түсіндірді ведомство.


Бұдан бөлек, 1 шілдеден бастап Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан төленетін еңбекке қабілеттілігінен айырылу және асыраушысынан айырылу жағдайлары бойынша әлеуметтік төлемдер 14,5%-ке көтеріледі.


Бұл төлемдер республикалық бюджеттен төленетін ұқсас жәрдемақыларға қосымша жүзеге асырылады. Олардың мөлшері 2023 жылғы 1 қаңтардан бастап үкімет шешімімен 8,5%-ке ұлғайтылған болатын.


Жәрдемақы мөлшері еңбек министрлігінің ақпарат жүйелерінде бар мәліметтер негізінде автоматты түрде көтеріледі. Осыған байланысты төлем алушылардан қосымша өтініш талап етілмейді.