Банк алдындағы қарызы 90 күнге кешіккен тұрғындарға несие берілмейді

672

Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі әзірлеген құжатқа сәйкес қарызы 90 күннен асқан азаматтарға несие беруге тыйым салынбақ, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі “Информбюро” бағдарламасына сілтеме жасап.


Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі әзірлеген құжатқа сәйкес банктер мен микроқаржы ұйымдарына төлемін 90 күнге кешіктірген тұрғындарға кредит беруге тыйым салынбақ. Демек мерзімі өткен борышын өтеу үшін азаматтар қайта қарыз ала алмайды.


Сондай-ақ коллекторлық агенттік қызметкерлерінің жауапкершілігін арттыру жоспарланып отыр. Ол үшін қарыз алушы мен мекеме арасындағы іс-қимыл кезінде коллекторлар қолдана алмайтын әрекеттер тізімі бекітіледі. Әрі қызметі де оңтайландырылады. Бұл түзетулер тұтынушылардың құқығын қорғауға көмектеседі. Қазір құжат қоғам талқылауына шығарылған. 


Бұдан бөлек мерзімі өткен берешегі бар тұтынушы 1,5 жыл ішінде қарызын реттеуге күш салуы қажет. Болмаса проблемалық борышы коллекторларға сатылады. Ал коллекторлық агенттіктер алдымен сатып алған берешегін реттеуге міндеттеледі. 


“Екінші деңгейдегі банктер мен микроқаржы ұйымдары мерзімі өткен берешек туындаған кезден бастап 18 ай ішінде проблемалық несиені реттеуді жүргізбеген жеке тұлғалардың кредиттерін коллекторларға сатуға тыйым салуды енгізу”, – делінген агенттік хабарламасында. 


Ал қарызды өндірерде заңсыз әрекеттерге барған коллекторлар әкімшілік және қылмыстық жауапкершілікке тартылуы мүмкін. Бұл коллекторлық агенттіктердің қызмет көрсету сапасын жақсартады. Әрі берешекті сотқа дейін реттеу институтының рөлін күшейту көзделіп отыр.