Спорт саласын дамытуға бөлінген қаржының 270 млн теңгесі қолды болған

404

Елімізде спорт саласына қатысты 21 іс тергеліп жатыр, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі.


Қаржылық мониторинг агенттігі дене шынықтыру және спорт саласын дамытуға бөлінген мемлекет қаржысының ұрлануының алдын алу бойынша жұмыс жүргізіп жатыр.


Спорттық-сауықтыру іс-шараларының, нысандардың, құрама командалардың, бұқаралық спорттық іс-шаралардың, федерациялардың рейтингісі мен қаупі көрсетілген тізім жасалады. Сондай-ақ саланы қаржыландырудың жолдары мен көлемі, оның ішінде демеушілік көмек көлемін анықтау бағытында жұмыс жүргізіліп жатыр.


2023 жылдың 6 айында жалпы сомасы 269,3 млн теңге залалы бар 21 іс тергеліп жатыр.Айта кетейік, ашық ақпарат көздерінен алынған мәліметтерге сәйкес, 2019-2023 жылдар аралығында спортты дамытуға шамамен 300 млрд теңге бөлінген, - деп атап өтті ведомство өкілдері.


Агенттік тауарлар мен қызметтерді жоғарылатылған бағамен сатып алу, қызмет көрсетудің нақты орындалмауы және басқа да бұзушылықтар бойынша талдау жүргізеді. Жұмыс нәтижесінде спортты дамытуға бөлінген бюджет қаражатының ұрлануына жағдай туғызатын себептерді анықтау және мұндай заң бұзушылықтардың алдын алатын тетіктерді жетілдіру бойынша ұсыныстар әзірлеу жоспарланып отыр.


ҚМА мемлекеттік бюджет қаражатын жымқыру үшін қылмыстық жауапкершілік қарастырылғанын ескертеді.