Ұялы байланыс операторлары тамыз айынан бастап тариф бағасын көтермек

562

Еліміздегі ұялы байланыс операторлары тамыз айынан бастап тарифтік жоспарларының бағасын көтермек, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі.


Tele2 ұялы байланыс операторы өкілдерінің ресми сайтында хабарлауынша, тарифтік жоспарлар бойынша бағаны көтеруге бірнеше фактор әсер етіп отыр.


"Құрметті абоненттер! Бірқатар факторға, соның ішінде экономикалық жағдайға байланысты біз тарифтік жоспарлардың бағасына кішігірім өзгеріс енгізу туралы шешім қабылдауға мәжбүрміз. Бұл өзгерістер инфрақұрылымға негізделген шығындардың өсуімен, жаңа технологиялардың іске қосылуымен және дамуымен, әлемдік логистикалық тізбектердің құлдырауы, инфляция, электр энергиясының қымбаттауы, жаңа технологияны енгізу үшін жоғары жиілік құны және компаниямыз үшін сын-қатерлер тудырған басқа да жағдайларға байланысты. Сондықтан біз қызметтердің тұрақтылығын қамтамасыз ету және сізге одан да озық технологиялар мен қызметтерді ұсыну үшін тарифтеріміздің бағасын қайта қарауды шештік", – делінген хабарламада.




Осыған ұқсас үндеу Altel операторының ресми сайтында да жарияланған. Activ-тің ресми сайтында да 8 тамыздан бастап бірнеше тариф бойынша абоненттік төлем жаңартылатыны туралы хабарлама жарияланған. Ал Beeline-ның мәліметінше, абоненттер үшін 15 тамыздан бастап бес тарифтік жоспардың бағасы өзгереді.


"Осы күннен бастап мегабайттар мен минуттар порциясының абоненттік төлемі өзгереді, енді ол тәулігіне 290 теңге болады. Алайда бұл өзгеріс тариф бойынша байланыс ақысын уақытылы төлеп жүргендерге, яғни күнделікті пакетті қолданбайтындарға әсер етпейді", – делінген Beeline операторы таратқан ресми хабарламада.


Сондай-ақ "Қазақтелеком" АҚ-да 1 тамыздан бастап мұрағаттық тарифтер желісінің кейбір тарифтік жоспарлары бойынша баға көтерілетінін атап өткен.