Еліміздің бірнеше әуежайлары жеке меншікке берілетін болды
Қазақстанда бірқатар әуежайды жеке меншікке беру жоспарлануда, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі Halyq Uni сайтына сілтеме жасап
Қазақстанның азаматтық авиация комитетінің төрағасы Талғат Ластаевтың айтуынша, елдегі барлық әуежай қысқы маусымға дайын.
«Әуежайлардың барлығы халықаралық стандартқа сай жұмыс істейді. Орал әуежайын айтып өтсек, келген инвестор әуежайдың жұмысын арттырып жатыр. Онда рөлдеу жолдарын жөндеу проблема болған. Соның реконструкциясын бастады. 7-9 қазан аралығында Орал әуежайы ұшақтарды қабылдамайды. Себебі рөлдеу жолдары реконструкция жүргізіледі. Ол үлкен мәселе болған, содан кейін ұшақты қабылдайтын болады», - деді Талғат Ластаев брифингте.
Еске сала кетейік, биыл ақпанда Оралдағы әуежайды басқару Ресей компаниясына өткен еді. Мәншүк Мәметова атындағы әуежайдың 49% үлесі ресейлік компанияға өтуін қазақстандықтар қызу талқылады.
Сондай-ақ комитет басшысы бірқатар өңірдегі әуежайларды жеке меншікке беру мәселесі қаралып жатқанын атап өтті.
«Қазір Ақтөбе әуежайы бойынша келіссөз жүріп жатыр. Германия компаниясы инвестор болу туралы ұсыныспен шықты. Әкімдікпен бірлесіп сол мәселені талқылап жатырмыз. Одан бөлек, Атырау әуежайы бар. Өздеріңізге белгілі, Атырау әуежайының терминалы ешқандай заманауи сұранысқа сай келмейді. Соны істеу міндеті тұр. Жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп оны да қарастырып жатырмыз. Сондай-ақ қазір Қызылорда әуежайына жекеменшік инвестор реконструкция жасап жатыр. Онда тиісті жұмыстар аяқталған соң заманауи, сапасы жоғары терминал болады», - деді ол.
Комитет басшысы бұған дейін бірнеше рет сатуға шығарылып, инвестор табылмай отырған Павлодар әуежайына қатысты пікір білдірді.
Павлодар әуежайы келесі жылы реконструкциядан өтеді. Ұшу-қону жолына жобалық-сметалық құжаттама жасалып, сараптамадан өтті. Келесі жылдың бюджетінен қаражат қарастырылып жатыр. Екі жылдық жоба болады, жолақ реттелгеннен кейін әкімдікпен бірігіп болашағын талқылаймыз, - деді комитет басшысы.
Еске сала кетейік, авиация сарапшысы Абыл Кекілбаев бұған дейін берген сұқбатында елдегі әуежайлар өңір әкімдіктерінің бас ауруына айналғанын айтқан болатын. Сарапшының пікірінше, әуежайлардың ұшу-қоны жолағы стратегиялық нысан болып саналады. Авиация комитеті ол нысандарды жергілікті әкімдіктерді беріп тастағанын айтты.
Ал әкімдіктердің «әуежайлар мынадай болу керек» деген нақты жоспар жоқ. Сондықтан әкімдіктер «әуежайды сатамыз, басқаруға береді. Бір сөзбен айтқанда проблемалық нысанды біреуге беріп құтылғысы келеді, - деді Абыл Кекілбаев.