Қарттар үйіндегі қария тірідей жанып кетті
Қонаев қаласындағы №10, "Шарапат" арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету орталығында тағы да қария қаза болды, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі.
Қонаев қаласындағы қарттар үйінде тағы да қызмет алушы қарияның өлімі тіркелді. Естеріңізде болса, осы жылдың басында дәл осы мекемеде 76 жастағы қария асылып қалған болатын.
Бұл жолы 71 жастағы қария жатқан бөлмеден өрт шыққан. Оттың нақты неден шыққаны белгісіз. Ақсақал отқа оранған сәтте қасында не медбике, не күтуші болмаған. Тіпті мекемедегі өрт қауіпсіздігі құрылғылары да іске қосылмапты. Арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету орталығының мамандары қарт кісі бөлмесінде темекі тартқан болуы мүмкін дейді. Пікірлерінше, бұл өрттің тұтануына себеп болды. Оның денесінің 75%-ын күйік шалып, көз жұмды.
Қонаев қаласындағы арнаулы әлеуметтік орталық қызметкерлері сол күні екі кезекті күтуші қарттардың жөргектерін ауыстырып, медбикелер денсаулық жағдайларын тексеріп жүргенін айтады. Өрттің белгілері де болмапты. Ал кезекші бөлменің есігін ашқанда, ақсақалдың өртеніп жатқанын көрген.
Шаруабикелердің айтуынша, марқұм қария темекі тартқан. Ал шылымның шоғы үстіндегі киімге құлап, өртенген екен. Киімде шоқ іздері жатыр. Медбикелер кіріп, қарияның үстіне су төгіп жалынды өшірген. Бірақ өрт сөндіретін құрылғылар істемей қалған.
Дәрігерлер қария ауруханаға ауыр хәлде жеткізілгенін айтады. Ол бірден жансақтау бөліміне жатқызылған. Алайда жарақаты тым ауыр болғандықтан, көз жұмыпты.
Қазір қарияның неден мерт болғанын анықтау үшін сот-сараптама жұмыстары жүргізіліп жатыр. Төтенше жағдайлар департаменті мекемеде қауіпсіздік талаптары бұзылғанын растады.