Мұнайдың үстінде отырған Қазақстан АИ-95 бензин импортын 101 есе ұлғайтты

1 296

Мұндай ақпаратты Бірінші кредиттік бюроның сарапшылары жариялады. Олардың дерегінше, 2023 жылы Қазақстанға 6 мың тоннадан астам АИ-95 маркалы бензин жеткізілген, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі.


Биылғы жылдың қаңтар-тамыз айлары аралығында Қазақстанға 6087 тонна отын әкелінді. 2022 жылдың дәл осы кезеңінде 60,4 тонна бензин импортталған.


"2021 жылдың сәйкес кезеңінде импорт болған жоқ, ал 2020 жылы елге жүздеген тонна отын жеткізілді. 2018 жылға дейін жағдай мүлдем басқаша болғанын атап өткен жөн: шетелден ондаған мың тонна әкелінді, бірақ ішкі өндіріс те аз болды. Биылғы жағдайға оралайық. Импорт жаздан бастап жанданды: шілде-тамыз айларындағы жеткізілім көлемі 2023 жылғы жалпы импорт көлемнің 65%-ын құрады. Дәл сол кезде билік Шымкент МӨЗ-дегі жөндеу және Атырау зауытындағы апатқа байланысты тапшылық туралы айта бастады. Көп ұзамай Энергетика министрлігі Ресей Федерациясынан АИ-95 - ті "бір реттік акция" түрінде әкелуге ниетті екенін мәлімдеді", - делінген басылымда.



Алайда, импортты ұлғайту жоспарланып отырғаны белгілі болды, өйткені Атырауға МӨЗ күрделі жөндеуге жабылды.


Энергетика вице-министрі Ерлан Ақкенженовтің айтуынша, Шымкент МӨЗ қазір АИ-95 маркалы бензинді өзінің қуатынан 50 пайыз кем өндіріп отыр. Ол қараша айында Шымкенттегі зауыт толық қуатта өнідіріске кірісетініне сендірді.


Бұдан бұрын Сәтқалиев Қазақстан Қытай мен Түркіменстаннан жанармай импорттауы мүмкін екенін мәлімдеген.


Сондай-ақ, АИ-95 бензинінің қымбаттауына қатысты мәлімдеме жасаған энергетика министрлігі жанармайдың бұл түрінің құнын мемлекет реттемейтінін, сондықтан баға нарықтағы сұраныс пен ұсыныс негізінде айқындалатынын айтқан.


Сәтқалиев Ресейден жеткізілетін жанармай қымбаттаса, ішкі нарықта баға өсуі мүмкін екенін жоққа шығармады.