МИНИСТР: НЕСИЕНІҢ КӨПТІГІНЕН ӨЗІНЕ ҚОЛ САЛҒАНДАР КӨБЕЮДЕ
Елде проблемалық қарызы бар тұрғындардың саны өсіп жатыр,- деп хабарлайды «Opennews.kz» ақпарат агенттігі.
Бүгін Мәжілісте «Халықтың шамадан тыс кредит алуын азайту және қаржы сауаттылығын арттыру» тақырыбында Парламент тыңдауы өтті.
"Кәмелетке толмаған балалары бар отбасылар жалғыз баспанасынан айырылып, көшеде қалмауы керек. Мұның бәрі заң деңгейінде бекітілуге тиіс. Бұл мәселенің шешімінің артында миллиондаған адамның тағдыры тұрғанын есте ұстаған жөн. Сол себепті бүгін халықтың шамадан тыс қарыз жүктемесін төмендету шараларын талқылап, нақты шешімге келу керек", - деді мәжіліс төрағасы.
Несиесін төлей алмаған қазақстандықтар өз-өзіне қол салып, түрлі қылмыстар жасауға мәжбүр болуда. Бұл туралы Ішкі істер министрінің орынбасары Игорь Лепеха Парламентте тоқталып өтті.
«Биыл несие алған 12 азамат өз-өзіне қол салды. Несие өтеу үшін қажетті ақшаны «табу» мақсатында тым көп несие алған басқа 40 азамат тонау, қарақшылық және ұрлық секілді түрлі қылмыстар жасаған», - деді Игорь Лепеха бүгінгі парламенттік тыңдауда.
Айтуынша, тым көп несие алу және оны төлей алмаудың кесірінен қарыз алушылардың өзін-өзі өлтіруі ғана емес, қылмысқа бару фактілері де орын алуда. Өз-өзіне қол салғандар ішінде Қызылорда қаласының азаматы да бар.
Бүгінгі өзекті мәселеге байланысты Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өз пікірін білдіргені сол еді, ел ішінде «кредит тағы да кешіріледі екен» деген сияқты алыпқашпа әңгімелер желдей есе жөнелді. Қарыздан әбден діңкелеген қоғамның бір бөлігі бұл жаңалыққа жерден жеті қоян тапқандай қуанып жатса, тағы бір бөлігі елді масылдыққа бастайтын мұндай шешімнің дұрыс емес екенін алға тартады. Шындығында елді екіге бөлетін мұндай шешімдердің жеті рет өлшеп, бір-ақ рет кесілгені абзал. Оның жолы қандай?
Қызу талқыға түсіп жатқан тақырып таяуда Парламенттің төменгі палатасында да сөз болды. Дүниежүзілік банктің мәліметінше, еліміздегі кедейшілік деңгейі 1,5 есеге артып, олардың саны 2,3 миллионға жеткен. Мәжіліс депутаты Азат Перуашевтің айтуынша, қара халықтың мұншалықты тығырыққа тірелуіне ең алдымен еліміздегі екінші деңгейлі банктер кінәлі. Өйткені, олардың несиелік үстеме пайыздары тым жоғары. Ал, үстеме пайызы жоғары елде халықтың бүгінгі қарызын кешіру арқылы мәселені толыққанды шешу мүмкін емес. Әрі бұл әділ тұтынушыларды алалау болып шығады. Егер бұл шешім мәселенің түйінін тарқатудың жалғыз жолы болса, бұған дейін де қаншама рет қарыз кешірілді емес пе?! Нәтижесі не болды? Қарыздан «оңай» құтылған халық одан бергі екі жылда екі есеге дейін қарызға тағы кіріп кетті. Яғни «масыл қоғам» қалыптасты. Сөзіміз жалаң болмау үшін ресми мәліметтерді алға тартайық. Бірінші несие бюросының таратқан мәліметі бойынша Қазақстанның бөлшек несие портфелі 10,76 триллион теңгені құраған. Бұл былтырғы осы кезеңмен салыстырғанда 42,9 пайызға жоғары. Жыл басындағы көрсеткіштің сиқы осындай болса, одан бергі он айда тағы қанша пайызға ұлғайғанын пайымдау тіпті қиын. Демек, бұл «қамқорлықтың» қоғамға пайдасынан гөрі зияны басым. Енді қайтпек керек? Оның жалғыз жолы – несиенің пайыздық үстемесін барынша төмендету. Бұл жерде банктер банкротқа ұшырайды деген ұшқары пікір жүрмейді. Өйткені, пайызы жоғары несие алып, оны төлеуге мүмкіндігі болмай жүрген тұтынушылардың қатарын арттырғанша, пайызы төмен несие беріп, оны дер кезінде төлей алатын «тәртіпті» тұтынушы қалыптастырған тиімді.