Әкімдік орындалмаған жұмыс үшін ЖШС басшысына 36 млн теңге аударған

1 602

Шымкент қаласының Еңбекші аудандық прокуратурасы мердігерге нақты орындалмаған жұмыстар үшін ақы төлеу фактісін анықтады, -  деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат  агенттігі.


Шымкент қаласы прокуратурасының мәліметінше, 2022 жылғы 11 наурызда Шымкент қаласының Еңбекші ауданы әкімінің Аппараты мен ЖШС арасында "Жерлеу орындарын күтіп ұстау" бойынша келісімшарт жасалған. 

"2021-2023 жылдары әкім аппараты пен аталған серіктестіктің арасында жалпы соммасы 37,9 млн теңгені құрайтын 18 мемлекеттік сатып алу шарттары түзілген. Тексеру барысында прокурорлар қарау және орындалған жұмыстардың актілеріне салыстыру жүргізіп, Тапсырыс беруші іс жүзінде орындалмаған жұмыстарға және жеткізілмеген тауарларға ақы төлеп, оларды қабылдағанын анықтаған", - делінген хабарламада. 


Аудиторлық тексеру қорытындысына сәйкес орындалмаған жұмыс пен жеткізілмеген тауар сомасы 36,1 млн теңгені құраған. Еңбекші ауданы прокуратурасы Қылмыстық кодекстің 189-бабы 4-бөлігі 2-тармақшасы (аса ірі мөлшерде сеніп тапсырылған бөтен мүлікті иемденіп алу немесе талан-таражға салу) бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеруді бастаған. Материалдар Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс қимыл агенттігінің Шымкент қаласы бойынша департаментіне жолданды.