Қызылордада ескі тұрғын үйлердегі жөндеу жұмыстары «көзбояушылық» па?

746
Қызылордада   көнерген тұрғын үйлерге жасалған жөндеу жұмыстарының сапасы сын көтермейді,- деп хабарлайды «Opennews.kz» ақпарат агенттігі.
        Сыр елінің бас қаласы үлкен құрылыс алаңына айналғанына біраз уақыт болды. Жыл сайын жаңа нысандар бой көтеріп, қаланың көркеюіне әсер етіп, халыққа пайдалануға беріліп жатыр. Сырдарияның сол жақ жағалауында жаңадан көпқабатты тұрғын үйлер салынуда. Алайда, қаланың жаңа бөлігі заманауи өркениетке айналып жатқанымен, орталық бөлігіндегі тұрғын үйлердің сырт келбетінің сапасы сын көтерер емес. Соның бірі қаламыздағы халық көп шоғырланатын  «Универсам» мөлтек ауданында орналасқан түрлі түсті етіп сырланған көпқабатты қайталама үйлердің жағдайы адам шошырлық қалыпта тұр. Тұрғын үйлердің алдыңғы бөлігі көз татарлық көріністе болғанымен, артқы бөлігінің қабырғалары үгітіліп, шатырдан жаңбырдың суы аққан. Терезелері сынып, іргетасының басым бөлігі жарылған. Құдды бір көзбояушылыққа ерік берген дерсіз. Сонда орын алған   «Сырты бүтін, іші түтін»  көзбояушылық дүниені жаңғырту жұмыстары жүргізілген деп  айтуға болады ма? Осыдан бірнеше күн бұрын  әлеуметтік желідегі көпқабатты тұрғын үйлердің бірінің қылтимасы құлап қалғандығы жариялаған. Бірақта, бұл жағдай ескеріліп, дер кезінде жөндеу жұмыстары жүргізілген.  Яғни, қалалық тұрғын үй инспекциясының басшысы Рысбек Абзал Рысбекұлы  қайталама үйлердің тек бергі жағын жаңғыртудан өткізгенімен, арғы жағының ақсап жатқанынан бейхабар болғандығы ма? Әлде сол жағдайды біле тұра, бас сұғып қарамайтыны ма? Бәлкім, көзбояушылық дүниеге жаны құмар билік кімді, қашанға дейін алдамақ?   Бұл қаланың орталық бөлігіндегі өзекті мәселе десек,  Титов, Шанхай, Гагарин, мөлтек аудандарындағы жағдай өте күрделі. Қарапайым халық өздерін 60-70 жылдарда өмір сүріп жатқандай сезінеді. Өйткені тұрғын  үйлердің  көбісі Кеңес Одағы тұсында салынып, сол уақыттан бері күрделі жөндеуден өтпеген деуге болады. Яғни, қабырғалары мүжіліп, терезелері кірпішпен өрілген, тіпті кіреберісі қоқыстан көрінбейді. Соған қарамастан қарапайым халық әупірімдеп, өлместің қамын жасап өмір сүріп жатыр. Бір қызығы бұл тозығы жеткен нысандарға «апатты тұрғын үйлер» деген атау берілмеген. 
«Жалпы біз модернизацияға 2 бөлмелі үйге 6 жылға айына 7000 мың теңге төлейміз. Үйдің жағдайы өздеріңіз көріп тұрғандай. Билік басындағылар үйіміздің құлайын деп тұрғанынан бейхабар. Жас кезімнен бастап осы жердің тұрғынымын. Қашан құлап қалар деген қорқынышпен өмір сүрудеміз. Әрине көшіп кеткім келеді, бірақ басқа барар жерім жоқ. Үйді сатуға қойғанмын, бірақ ақшасы мардымсыз. Бәрі арзанға сұрайды. Әрине бұндай тозығы жеткен үй кімге керек дейсін. Осыны жоғарыдағылар қолға алса екен дейміз»,-дейді қала тұрғыны Жәмила.  
          Айта кету керек тозығы жеткен нысандарды апатты тұрғын үй деп қарап, қарапайым халықты жаңа нысандағы үйлерге қоныстандыру керек. Сонымен қатар ескірген тұрғын үйлерге жаңғырту (модернизация) саясатын қолдану керек. Жалпы қаламыздағы осындай қауіпті жағдайда,  қарапайым халық өмір сүріп жатқандығын  жуырда ғана қалалық тұрғын үй инспекциясының басшылығына отырған Рысбек Абзал Рысбекұлы біле ме екен? Шаһарды небәрі 6 ай басқарған, барлық мәселені онлайн түрде орақ орып шешетін Қазантаев Ғанибек Қонысбекұлы -ның қордаланған мәселелерді қашан бір жүйеге келтіреді екен деп күтудеміз. Нәтиже бола ма? Бірақ та басшылығымыздың жылы орнынан қозғалып жұмыс істеп, нәтижесін күтіп отқанда «әр қазағым жалғызым» демекші   жалғызымыздан айырылып қалмауымызға кім кепіл? Қазіргі таңда әлемді шарпыған індеттен өлім-жітім азаймай тұрғанда, тұрғын үйдің салдарынан қала болып қайғылы жағдайға ұшырап жүрмесек болғаны.   Еңсесі биік, тіліміз тұғырлы Қазақ елі дамыған 50 елдің қатарында, алайда аяқты алшаң басып, бас сұға кіре қалсаң түйіні шешілмеген түйіткілді мәселелердің әсерінен ақсаңдап жатырмыз. Айтылған сөз, атылған мірдің оғындай өз жүйесін тапса құба-құп. «Айтылмаған сөз жетім, басшысы жоқ ел жетім демекші» бүгінде естір басшының құлағына айтылар сөз де көп. Мәселенің мәнісін ашып, қолға алынса, қанекей?!
 
Тұмар ХАНЫМ