Депутат блогерсымақтарды жауапқа тартуды сұрады

1 608

Фото: KazinformМәжіліс депутаты Нартай Сәрсенғалиев елімізде пранк жасау арқылы қоғам тыныштығын бұзған азаматтардың бірыңғай тізімін құрып, оны көпшілікке жариялау қажет деген ұсыныс білдірді. Осыған байланысты ол Ішкі істер министрі Ерлан Саденовтың және Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаеваның атына ресми сауал жолдады, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі.

Депутаттың айтуынша, соңғы жылдары әлеуметтік желіде «пранк» жасап, танымал болуға ұмтылғандардың әрекеті шектен шығып барады.

– Қазір лүпіл мен қаралым қуған кейбір азаматтар парасат биігінен құлап, әдеп шегінен асып кетті. Бірі адамды қорқытып, бірі қоғамдық орында орынсыз әрекет жасап, оны “әзіл” деп ақтап алуға тырысады, – деді Нартай Сәрсенғалиев.

Мысал ретінде ол елордада болған бірнеше оқиғаны келтірді. Бір блогер лифтке «жалған мәйіт» кіргізіп, жарықты өшіріп адамдарды шошытқан. Тағы бірі сол жерде тапанша ұстап, адамдарға кезеніп видео түсірген. Ал Алматыда блогерлер аула сыпырушыларға қоқыс лақтырып, оларды мазақ еткен сәттерін желіге таратқан.

– Мұндай әрекеттердің бәрі — қоғамның мәдени деңгейін төмендететін, адамның ар-намысына тиетін, моральдық тұрғыдан әбестікке жататын жағдайлар. Әзіл мен әдептің арасындағы шекараны ажырата алмай жүргендерге шара қолдану қажет, – деді депутат.

Сәрсенғалиев шетелде де кейбір қазақстандық блогерлердің өз әрекетімен ел беделіне нұқсан келтіріп жүргенін атап өтті.

– Мысалы, қазақстандық блогер Аружан Айбекова Қытайда “ұрлық жасап жатқандай” видео түсіріп, жергілікті полицияға шақыртылған. Кейін дәл сол блогер Ташкент метросында бейтаныс адамдарға тиісіп, тағы да пранк ұйымдастырған. Мұндай жауапсыз әрекеттерге тосқауыл қоюдың уақыты келді, – деді халық қалаулысы.

Оның пікірінше, мұндай пранктер адамның жеке өміріне қол сұғу мен қоғамдық тәртіпті бұзуға әкеледі.

Депутат пранктің жаңа түрі – жасанды интеллект көмегімен жасалатын жалған бейнелер де қоғам үшін қатерлі екенін айтты.

– Кейбіреулер мемлекет басшыларын немесе лауазымды тұлғаларды “дүкенге кіріп сауда жасап жүргендей” етіп көрсетіп, жалған бейнежазбалар таратады. Ал кейде балалар ата-аналарына “бөтен адам үйге кіріп кетті” деп жасанды интеллект арқылы жасалған суреттер жібереді. Мұндай ойындар ата-ананың үрейін ұшырып, құқық қорғау органдарының жұмысын қиындатады, – деді ол.

Депутаттың министрліктерге жолдаған ұсыныстары

Нартай Сәрсенғалиев ІІМ мен Мәдениет және ақпарат министрлігіне келесі шараларды қабылдауды ұсынды:

  • Қоғамдық тәртіпті бұзған және жеке өмірге қол сұққан пранкерлердің бірыңғай тізімін жасап, оны жариялау;
  • Адамның ар-намысы мен абыройына нұқсан келтіргендердің әлеуметтік желідегі парақшаларын бұғаттау;
  • Әлеуметтік желі әкімшіліктерінен қауіпті пранктер мен бейнероликтерді анықтап, уәкілетті органдарға дереу хабарлау жүйесін енгізу;
  • Пранк пен агрессивті контенттің алдын алу мақсатында жүйелі ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізу.