Мектеп асханасында тышқан қосылған тоқаш берілгені рас па?
Семей қаласындағы мектептердің бірінде күтпеген жағдай орын алды. 11-сынып оқушысы асханадан сатып алған тоқаштың ішінен жүн тәрізді зат тауып алған. Бұл оқиғаға алаңдаған ата-аналар оны тышқанның терісі деп болжап, тиісті органдарға шағым түсірген, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі.
Мәселе бойынша санитарлық-эпидемиологиялық қызмет сараптама жүргізіп, зерттеу қорытындысында тағам ішінен табылған жүннің тышқанға тиесілі емес екені анықталды. Дегенмен тексеріс кезінде асханада тазалық талаптарының өрескел бұзылғаны белгілі болды.
Салдарынан асхана иесіне 629 мың теңге көлемінде айыппұл салынды және оның мектеп асханасында қызметін жалғастыруына рұқсат берілмеді.
Семей қалалық санитария-эпидемиологиялық бақылау басқармасының басшысы Шыңғыс Шоқышевтың айтуынша, кәсіпкерге Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 425-бабы бойынша хаттама толтырылған.
Оқиғадан кейін мектеп басшылығына да шара қолданылды. Директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасарына оқушылардың шағымына дер кезінде мән бермегені үшін сөгіс жарияланды.







