Жер қойнауын ұтымды игеру – уақыт талабы
Жыл сайын жаңақорғандық диқандар әртараптандыру бағытында жерді жүйелі пайдалану үшін тиімді тәсілдерді жиі қолдануда, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі Kyzylorda-news.kz сайтына сілтеме жасап.
Өйткені, өнімді мол алу қазіргі кезде ең өзекті тақырыпқа айналды. Оның негізгі мәселесі аяқсуға байланысты, одан кейін жерді дұрыс таңдау, тыңайту және зиянкестерден уақытылы қорғауға күш салынуы керек. Құртқұмырсқадан бұрын шегіртке деген жәндік шаруаның мазасын алып бітетіні рас. Жерге дән себіліп, күріштікті суарып болысымен жауапты мамандар жаппай осы тірлікке жұмылады.
Ерте көктемнен егіс даласына ту тігіп, ала жаздай тер төгетін егінші қауымның еңбегі еш, тұзы сор болмауы тиіс. Әсіресе, әртараптандыру бағытын есепке алған еңбеккерлер егінжай танабына тастаған тұқымның тілін түсініп, баладай баптаудан жаңылған емес. Алты ай үй бетін көрмейтін диқандардың тыныс-тіршілігін тағы бір түгендеп қойсақ. Биыл аудан бойынша егіс көлемі – 36026 гектарды құрайды. Оның ішінде, күріштің көлемін 6035 гектарға тұрақтатты. Ал бағытында атқарылатын жұмыстың ауқымы кең. Қожакент пен Жайылма ауылында шамамен 100 гектар егін алқабындағы малазықтық дақылдарға жаңбырлатып суару және бақша дақылдары үшін 35 гектарға тамшылатып суару технологиясын қолдану жоспарлануда. Облыс әкімінің тапсырмасына сәйкес, азық-түлік бағасын тұрақтандыру мақсатында әр отбасы өзін-өзі әлеуметтік маңызы бар тауарлар, картоп, көкөніс, бақша өнімдерімен қамтамасыз ету мақсатында қосымша 400 гектар жер дайындалып, қазір 60 гектарына дән тасталған. Осы жерге кеткен еңбек жерде қалмаса болғаны. Ол үшін ең әуелі жерді тыңайту жұмысы жүйелі жүргізілуі керек, ротация дұрыс болғаны құба-құп. Одан кейін аяқсу мәселесі ақсап қалмаса болды. Жыл сайын су мәселесі шаруаларға салмақ түсіретіні рас. Бұл мәселе бойынша облыстан жауапты сала басшылары арнайы келіп, тұрғындармен кеңесіп отыруы дағдыға айналған. Тағы бір өзекті мәселе, дәрілеу жұмысы уақытылы жүргізілуі тиіс, яғни, егісті зиянкестерден сақтау – міндет. Өткен аптада облыстық инспекция басшысы Мұхтар Оразбаев егін-жайды аралап, ерекше қауіпті шегіртке зиянкесіне қарсы жүргізілетін химиялық өңдеу жұмыстарының барысымен танысты.
Жаңақорған ауданындағы химиялық өңдеу жұмыстарын «Авиакомпания «Дельта-Юг» ЖШС мекемесі жүргізіп жатыр. Бүгінгі таңда аудан бойынша 500 гектар жерге ұшақ және жер агрегаттары арқылы өңдеу жұмыстары жүргізілді. 2024 жылы Қызылорда облысы бойынша ерекше қауіпті шегіртке зиянкесіне қарсы 49 765 гектарға химиялық өңдеу жұмыстарын жүргізу жоспарланған. Оның ішінде «италиялық прусқа» қарсы 8 100 гектар, «азиялық шегірткеге қарсы» 41 665 гектар жер дәріленді. Облыс аумағындағы ерекше қауіпті шегіртке зиянкестеріне қарсы фитосанитариялық іс-шаралардың өз деңгейінде және уақытылы жүргізілуі Қызылорда облыстық аумақтық инспекциясының тұрақты бақылауында дейді мамандар. Биылғы ауа-райының тосын мінезі егіншілерге әжептеуір ой салып тұр. Бірақ диқандар бәрінен бұрын аяқсудың уайымы қатты тиіп тұрғанын жасырмайды. Әсіресе, аптап ыстықта қажетті су көлеміне қолымыз жетпей қалады ма деген күмән сейілер емес. Бір шүкір етерлігі, еткен еңбек жерде қалмай, үміт ақталса деген тілекті алға тартқан ауылдағы ағайынның сенімі нық, бірлігі бекем.
Аудан диқандары жер жыртып, егін егудің қамында. Кейінгі жылдары егіс алқаптарын әртараптандыру мәселесі күн тәртібінен түспей келеді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлының егіс түрлерін көбейтіп, егінді әртараптандыру жұмыстарын күшейтуге қатысты берген тапсырмаларына орай биыл аймағымызда күріш дақылы біршама азайтылып, орнына өзге дақылдарды ұлғайтуға дем беріліп отыр. Жаңақорған ауданы – аграрлы аймақ. Дегенмен суды аз қажет ететін дақылдарға бетбұрыс жасау талабына көшу міндеті тұр.
Соңғы 2-3 жылдың көлемінде Сырдария өзеніндегі су деңгейі төмендеп келе жатқаны белгілі. Облыстағы басқа аудандарға қарағанда аграрлық деңгейі басым Жаңақорған ауданы су тапшылығын айқынырақ сезінуде. Бұл жағдай диқандарға ауыр тиюде, сондықтан шаруашылық құрылымдары суды аз қажет ететін әртараптандыру бағытындағы дақылдарға басымдық беруге бейімделіп келеді.
Ауданда егінді әртараптандыру мәселесі жөнінде аудандық ауылшаруашылығы бөлімінің басшысы Талғат Зейдалиев:
Жыл өткен сайын күріш шаруашылығы пайдасынан шығыны басым салаға айналып келе жатқанын уақыт өзі дәлелдеп отыр. Су жетіспеушілігі де диқандар көңіліне сенімнен гөрі селкеу түсіріп отырғаны ақиқат. Осыдан да ел арасында «күріштен бас тарту керек» деген пікірлер естіліп қалады. Бірақ күріш егуді атакәсіпке айналдырған диқандар үшін оңай болмай отыр. Мәселен, бірнеше жылдан бері күріш өсіріп келе жатқан Бақытжан Ержанұлы былай дейді:
Шынында, шаруа қожалық басшылары нарықты терең зерттеп, шығыны аз, пайдасы көп дақыл түрлеріне басымдық беретін кез келді. Бір ғана мысал, нарықта көкөніс, жеміс-жидек, бұршақ тұқымдас дақылдарға сұраныс жоғары бағаланады. Ал біздің ауданда шаруалар көкөніс өсіруге басымдық бермейді. Айталық, көршілес өзбек халқы көкөністен көл-көсір пайда тауып отыр. Қазіргі таңда Өзбекстан жыл сайын шамамен 20 миллион тонна көкөніс өнімін өткізеді.
Міне, нағыз табыстың көзі осы. Біздің елімізде де оңтайлы өзгерістер орын алып, егінді әртараптандыру қолға алынуда. Әйтсе де, соңғы уақыттары су деңгейі төмендеп келе жатқаны белгілі. Бұл жөнінде ауылшаруашылығы бөлімінің бас аграномы Дәурен Әбибуллаев былай дейді.
Мамандардың пікірінше, ауыспалы егістің жемісі бір жылда көрінбеуі мүмкін, бірақ бұл тәсілдің әсері өте көп деседі. Бастысы, дәстүрлі бірізділіктен құтылуға жұмыс жасап, жақсы нәтиже беруге көшкен жөн. Бұл ойымызды қандөздік диқандар да құп көріп, бақша дақылдарының табысы тары өсіруден артық болмаса, кем емес екенін түсінді.
Көкөніс-бақша өнімдерін өсіруде өңірдің бәсекелік қабілеті өте төмен. Сырттан тасимыз. Осы ретте егісті әртараптандыру, көркейту-көгалдандырудың маңызы зор. Жергілікті жеміс-жидек, жүзім, декоративті ағаштардың элиталық көшеттерін өндіріп-өсірумен айналысуға басымдық берілуі керек-ақ. Елімізде алма және өзге де жеміс түрлері Алматы, Жамбыл, Түркістан облыстарында өседі. Жері шұрайлы Жаңақорған ауданының мүмкіндігін неге пайдалана алмаймыз? Кезінде бізде алма мен жүзім өсірген арнайы шаруашылықтар болды. Жаңақорғанның «Юбилейный» ауылында жайқала өскен жеміс алқабына көңіл сүйсінетін. Қазір бәрі құрдымға кеткен. Бүгінде өңірімізде жеміс-жидек өсіріп өзгелерге үлгі болып жүрген «7 KZ Сыр табиғаты» ЖШС басшысы Амантай Сарбасов былай дейді:
Әрине, бастаманы тиісті мақсатқа жеткізу және ол жолда табанды еңбек ету нәтиже әкеледі. Десе де, әртараптандыру мәселесінде жақсы ұстанымға қол жеткізу үшін әлі көп шаруа керек. Ғылым мен өндірістің үйлесімі нарықтық талаптарға сай іс-әрекет, ең бастысы, халықтың еңбекке деген құлшынысы әрі оны мемлекеттік қолдау, қысқасы, осының бәрі біздің бүгінгі қарекетіміздің бет-бейнесін ашып беріп отыр. Арғысы түсінікті болар. Ал «Orda» Агротехнология» ЖШС директоры Керімхан Егізбаевтың ойы төмендегідей.
Бұл үлкен мәселе. Бұл мәселе бүгін ғана көтеріліп отырған жоқ. Біз осыдан 20-25 жыл бұрын бастаған едік. Негізі әртараптандыру дегенді алып тастау керек. Бізде суармалы егістіктің 99,9 пайызы күріштік ауыспалы егістікте орналасқан. Күрішті егуді ғылым түрде меңгеруіміз керек. Яғни, ротация деген сөз бар. Дақылдарды кезектестіріп отыру керек. Бұл тәртіптілік барлық ауданда сақталуы тиіс. Тереңөзек, Қазалы, Жалағаш аудандарында егістіктің 70-80 пайызы күріш болып отыр. Жаңақорған ауданы 16 пайыз ғана егіп отыр. Біздің ауданда күріш егістігі қысқартылып, облыстың 66-67 пайыз жоңышқасын егіп отырмыз. Дей тұрғанымен, жергілікті жердің табиғи ахуалын, топырақтың құнары мен құрамын жер иесі жақсы білуі керек. Мемлекет басшысының «Егін шаруашылығында маңызды реформа жасайтын кез келді. Егіс түрлерін көбейтуіміз керек. Сондай-ақ көбірек пайда әкелетін дақылдар еккен жөн. Суды көп қажет ететін егіс алқабын біртіндеп азайтып, бір ғана дақылды егу түрін шектеу қажет. Диқандарды жергілікті тұқыммен қамтамасыз ету маңызды.
Сонымен қатар жаңа сұрыптар шығарып, оны өсіру мәселесін шешкен жөн» деген талабы өзекті. Бәріміздің есімізде болатын бір нәрсе, табиғат – құдірет, оның бермесін тартып аламын деу қателік. Кешеге дейін кеңестік жүйеде Мичуриннің «Біз табиғаттан рақым күтіп отыра алмаймыз, оны одан алу біздің міндетіміз» деген ұранының түбі шикілікке ұрындырып, жер-ананы гүлдентіп емес, тоздырып жіберуге шақ қалғанын мойындауға тиіспіз. Соңғы кезде қабылданып жатқан реформалар осы олқылықтың орнын толтырады деп сенеміз. Жергілікті жер жағдайында күріш өнімінен үзілді-кесілді бас тарту тиімсіз, өйткені ауыл шаруашылық жерлерін тұзданып кетуден сақтауда күріш егілуі керек, бірақ есепсіз, әркім өз білгенімен емес, ешкімге зиян тимейтіндей, агротехникалық ережелерді сақтай отырып көлемін шектеуге тура келеді. Ал су тапшылығы жыл өткен сайын күрделеніп келеді. Қазір күріштің көлемін азайта отырып, өнімділікті арттырудың жолын табу маңызды. Ол үшін күрішті суару нормасын анықтап отыратын құрылғыларды пайдалану керек. Мұндай автоматтандырылған құрылғылар тәулік бойы күріш арналарындағы су деңгейін реттеп және жіберілген немесе қайта шығарылған суды есептеп отырады.
Сондай-ақ күріштен мол өнім алуда заманауи технологияны қолдануды кешіктіре беруге болмайды. Ең қарапайымы, шаруашылықтар үшін жерді лазерлік тегістейтін «Маро» техникасы мен тыңайтқыштар себетін дрондарға қол жеткізуге жұмыс жасау маңызды, – дейді ол.
Иа, күріштің керектігіне дау жоқ, тек оның көлемін азайтып, есесіне ғылыми негізде егу арқылы түсімін көбейту қажет. Біздің елде ғана емес, әлем су тапшылығын сезініп отырған уақытта суды үнемдеу маңызды. Ауыз судан бөлек, тіпті аяқсудың өзі ғаламдық проблемаға айналуда. Тығырықтан шығатын жол – суды аз қажет ететін дақылдарға басымдық беру, инновациялық технология мен ғылыми жетістіктерді қолдану. Соңғы уақыттары өңірімізде шаруашылықтардың көпшілігі суды аз қажет ететін технологияларға басымдық беруде. Диқандар тек дәнді дақылды ғана емес, тіпті көкөніс пен жеміс-жидекті де заманауи бағытта өсіруде.
Соның бірі – жаңақорғандық «Пазылбек Қажы» шаруа қожалығы. Аталған бірлестік 2017 жылдан бері ауылшаруашылығы саласындағы әртараптандыруға көшкен. Соңғы жылдары жоғары нәтижеге жетуді көздеген шаруашылық Ы.Жақаев атындағы Қазақ күріш шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтының ғалымдарымен бірлесе жұмыс атқаруда. Суды үнемдеуді көздеген шаруашылық өткен жылы 80 гектар жерге ылғал сақтағыш жаңа технологиямен бидай егіп, жоғары өнім алды. Ал, биыл қожалық мақсарының «Иирказ» тұқымын 600 гектар жерге орналастырған. Оған қоса, 5 гектар жерге 1200 түп алма екті. Бақта голден делишес, семерянко, старкримсон секілді сұранысқа ие сорттар бар.
Сондай-ақ заманауи технологиямен жүзеге асқан бақта 500 түп өрік пен 1000 түп қараөрік өсіп тұр.
– Акватерра гелі өңірімізге енді енген технология. Бұның 1 фракциясы өз көлемінен 400 есе үлкейтуге қауқарлы. Бұл өз кезегінде біздің климат үшін өте қолайлы. Себебі егістікке қажетті суды осы технологияны қолдану арқылы жаңбырмен де беруге болады. Заманауи технологияны қолдану арқылы егінді құрғақшылықтан қорғауға мүмкіндік туып отыр. Ал 5 гектар жеміс-жидектен жылына 15-20 тоннадай өнім алудамыз. Жергілікті өнімге облыс пен ауданнан да сұраныс жоғары. Алдағы уақытта әртараптандыру бағытындағы жұмыстарды жаңа технологиялар бойынша жүзеге асырып, егістік көлемін арттыратын боламыз, – деді «Пазылбек Қажы» шаруа қожалығы төрағасының орынбасары Ғалымжан Орынбасаров. Мемлекет басшысы 2028 жылға қарай елде ауыл шаруашылығы өнімдерінің көлемін екі есе ұлғайту міндетін қойып отыр. Ауыл шаруашылығы дақылдарының өнімділігін арттыруда минералды тыңайтқыштарды енгізудің пайдасы зор екенін айту керек. Жалпы, ауыл шаруашылығы – еліміздегі ең маңызды саланың бірі. Сондықтан аграрлық секторға қатысты мәселелерді Президенттің өзі жіті бақылауына алып отыр.
Өңіріміздің ауыл шаруашылығы саласын дамыту және өндірілген өнім көлемін арттыру мақсатында қарқынды жұмыстар әсте бәсеңсіген емес. Бұл жұмыстар алдағы уақытта өз жемісін беріп, бүгінгіден де жоғары жетістіктерге қол жеткіземіз деп сенеміз. «Көктемнің әр күні жылға азық» демекші, кетпенін сайлап, егіс даласына бет алған диқандардың ісі берекелі болсын.