Қызылордалық көпбалалы ана: «Мені полицейлер не себепті 8 сағат қамауда ұстағанын білмеймін»

1 353
Қызылорда қаласының полиция басқармасы көпбалалы, жалғыз басты ана Ақкенже Диханбаеваны 8 сағаттан астам уақыт белгісіз себептермен қамауда ұстаған,- деп хабарлайды «Opennews.kz» ақпарат агенттігі.

Ақкенже Диханбаева баспана және денсаулығына байланысты квота беруін сұрап облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықованың арнайы қабылдауына жазылған. Алайда кіре алмаған.

Жақын арада қарапайым киінген белгісіз адамдар үйімнің сыртынан торуылдап, бақылап жүргенін байқадым. Бірақ аса мән бермеген едім. Одан бір күн өткеннен кейін коммуналдық төлемдерді төлеуге үйден шығып бара жатқанымда полиция қызметкерлері ұстап алып кетті,-
 деді көпбалалы ана Ақкенже Диханбаева.

Оның айтуынша, өзі ешқандай бұзақылық әрекеттерін жасамаған, мемлекеттік маңызы бар тұлғаларға балағат сөз айтып, тіл тигізбеген.
 
Балаларым үшін өмір сүріп жүрген анамын. Бірақ, мені ұстап алып кеткен күні жүрегінде ақауы бар жеті айлық балам қараусыз қалды. Үйде қадағалайтын үлкен адам болмаған соң құлап, басына зақым келген. Полицейлер жауап алу кезінде «сол жақ жағалауға бара жатырсыз. Неге барасыз?» деген сұрақтарын ғана қайталап қоя берді. Сағат 11-ден бастап кешкі 19:00-ге дейін тергеуде ұстау заңға қайшы емес пе? Менің күні бойы аш қалған балаларым мен басына зақым алған ұлымның денсаулығына кім жауап береді? –
 деді ашынған ана Ақкенже Диханбаева.

Редакцияға шағым айтып келген тұрғынның жағдайына байланысты «Opennews.kz» ақпарат агенттігінің тілшісі Қызылорда қаласының полиция басқармасына ресми сауал жолдады. Дегенмен, құзырлы орган аталған жайтқа байланысты заңға сәйкес тергеу құпиялылығы сақталатынын айтты.

Сотқа дейінгі тергеп-тексеру ісі бойынша қылмыстық-процестік кодекстің 201-бабында көзделген тергеу құпиялығын сақтау, тергеп-тексеруді жария етуге жол бермеу талаптарын сақтаймыз, - деп жауап берді қалалық полиция басқармасы анықтау бөлімінің бастығы Ғалымжан Табынбай.

Осылайша көпбалалы ана Ақкенже Диханбаеваның Қызылорда қаласының полиция басқармасында не үшін 8 сағат қамауда отырғаны жұмбақ күйінде қалды.
 
Мен қылмыскер емеспін. Қамауда неге отырғанымды білмеймін. Сонда бізді полицейлер кез келген уақытта көшеден ұстап алып кетіп, қалаған уақытында шығарып жібере салуы дұрыс па? Менің құқығымды қорғайтын заң қайда қалды? Ал балаларым ше? Сол күні денсаулығына зақым келгені үшін кім жауап береді?,
 деді Ақкенже Диханбаева.
 
Айгерім РАХЫМЖАНҚЫЗЫ