Облыс әкімі қаладағы бірқатар нысандарды аралады
Сенбі күні облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев ҚР Парламенті Сенатының депутаты Наурызбай Байқадамов, Мәжіліс депутаты Мұрат Ергешбаевпен бірге Қызылорда қаласындағы бірқатар нысандарды аралап, жаңарған орталық алаңды көрді, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі.
Кейінгі жылдары көпқабатты тұрғын үй аулаларына балалар ойын алаңдары көптеп салынуда. Аймақ басшысы орталық алаң маңындағы тұрғын үй аулаларына аялдап, балалар ойнайтын алаңдарға қойылатын басты талап сапа мен қауіпсіздік екенін ескертті.
Сондай-ақ, ескі автовокзалға барып, қалалар мен аудандарға қатынайтын көліктер тұрағын сол жағалаудағы жаңа автовокзалға көшіру жұмыстарын пысықтады.
Ескі автовокзал аумағындағы тазалыққа қатысты түйткілдерді атап көрсетті. Жаңа автовокзал жолаушы тасымалына қойылатын талаптарға толық сәйкестендірілген. Облыс әкімі жолаушылар мен жүргізушілер игілігі үшін салынған жаңа нысанға көшіруді жеделдетуді тапсырды.