Қызылордада цемент зауытынан тұрғындар жапа шегуде

2 657

Фото: Almaty.tvСанитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасы Шиелі ауданының Қодаманов ауылындағы цемент зауытының қызметі халықтың жағдайына кері әсерін тигізбейді деген қорытынды берген, - деп хабарлайды "Оpennews.kz" ақпарат агенттігі.

Қорытындымен келіспеген ауыл тұрғындары сотқа жүгініп, өкілетті органның қорытындысын заңсыз деп тануды сұраған.  Сотта тұрғындар цемент зауытын салған кезде басы-қасында жүрген ауыл ақсақалы бүгінде басқа қалаға көшіп кеткенін, цемент зауытының қандай зиян келтіретінін білмей қалғандарын, қазіргі таңда олар зауыттан тараған шаңнан қиналып отырғандарын айтқан.   

Бірінші саты соты талап қоюшылардың талабын қанағаттандырып, басқарманың қорытындысын заңсыз деп тапқан.

Цемент зауыты сот шешімімен келіспей, облыстық сотқа апелляциялық шағым берген. 

Қазақстан Республикасы Ұлттық Экономика Министрлігінің Қағидасына сәйкес, цемент зауыты І қауіптілік сыныбындағы объектілерге жатқандықтан, оның тұрғын үйлермен санитарлық қорғаныш аймағының  мөлшері 1000 метрден кем болмауы тиіс.

Алайда, цемент зауыты мен тұрғын үйлердің арақашықтығы 500 метр болғаны анықталған. 

Сот алқасы санитарлық қорғаныш аймағының  өлшемін белгілеу барысында цемент зауыты тарапынан қағиданың талаптары өрескел бұзылған деген тұжырымға келді.

Басқарманың қорытындысы жергілікті халықтың денсаулығы мен өмірінің қауіпсіздігін бұзады. Осыған байланысты, сот алқасы бірінші саты сотының шешімін өзгеріссіз, апелляциялық шағымды қанағаттандырусыз қалдырған.