2025 жылы әлеуметтік осал топтарға 9 мыңнан астам грант бөлінді
Жыл басынан бері халықтың әлеуметтік осал топтарына жаңа бизнес-идеяларды іске асыру үшін 8 964 грант берілді,- деп хабарлайды Opennews.kz ақпараттық агенттігі.
Биыл жалпы 9 234 грант беру жоспарланған. Оның ішінде ауыл тұрғындарына – 5 539. Үміткерлерден 22,7 мыңнан астам өтініш түсті: көпбалалы отбасылардан – 14,8 мың, мүгедектігі бар адамдардан – 3,6 мың, мүгедектігі бар балаларға күтім жасайтындардан – 2,6 мың, атаулы әлеуметтік көмек алушылардан – 600.
Грант техникалық құрал-жабдықтар, мал шаруашылығы және өсімдік шаруашылығына, сондай-ақ орынжай жалға алуға беріледі. Қаржылық демеу негізінен көпбалалы отбасылар мен мүгедектігі бар азаматтарға беріледі.
Субсидия алу процесі комиссиялық бағалау арқылы жүреді: үміткерлер жобасын таныстырып, комиссия оның бәсекеге қабілеттілігін, қаржылық тұрақтылығын, нарықтағы тиімділігін, кәсіпкерлік дағдыларын және жаңа жұмыс орындарын жасау мүмкіндігін бағалайды.
Қабылданған шешімдер электрондық түрде Business.enbek.kz порталында көрсетіледі, ал грант иегерлері шартқа қол қояды және қаражатты пайдалану есептерін ұсынады. Айта кетейік, алдағы жылы 9 мың грант беру жоспарланып отыр.







