Қазақстанда әскерге шақыртылған 5 мыңнан астам сарбаздың 1,4 млрд теңге қарызы бар
Мерзімді әскери борышын өтеуге шақырылған 5 мыңнан астам сарбаздың банк алдындағы несие берешегі 1,4 млрд теңгеге жетті. Қорғаныс министрлігі Отан алдындағы борышын өтеп жүргендердің бұл қарыздары кейінге шегерілгенін мәлімдеді,- деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі.
ОКҚ алаңында өткен баспасөз мәслихатында БАҚ өкілі қорғаныс министрлігінің өкілі Руслан Жануглиннен қанша сарбаз несиесін төлемей жүргенін және әскерден келгендердің қаншасы банк алдындағы несиесін төлеуге кіріскені туралы сұрады.
Министрлік өкілі сарбаздардың несиесін кейінге шегеру жұмыстары әлі де жүріп жатқанын айтты.
Руслан Жангулиннің айтуынша, әскер қатарына шақырылғандардың басым бөлігі тұтынушылық несие рәсімдеген. Әсіресе, ұялы телефонды несие арқылы алғандар саны басым. Министрлік өкілі сарбаз әскерден келген соң жұмыс тапқанға дейін банк тарапы оны тағы бір ай мазаламайтынын айтты.