Өрт қауіпсіздігі ережелері түсіндірілді
Жалағаш ауданының Төтенше жағдайлар бөлімінің, №11 өрт сөндіру бөлімінің қызметкерлері Жалағаш кентінің тұрғын үйлерінде өрт қауіпсіздігін сақтау, газ баллонды қауіпсіз пайдалану, улы газдың қауіптілігі, ақауы бар электр сымдарын пайдалануға жол бермеу, көмірқышқыл газының адам өміріне қауіптілігі, жағылған пештерді бақылаусыз қалдырмау, балаларды қараусыз қалдырмау жөнінде тұрғын үйлердің иелеріне түсіндірме жұмысын жүргізіп, арнайы дайындалған үнпарақтарды таратты, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі.
Құрметті жерлестер!
Егер өртті байқасаңыз, онда дереу «101» немесе «112» нөміріне қоңырау шалыңыздар.
Өрт қауiпсiздiгiн қамтамасыз ету адамдардың өмiрi мен денсаулығын, меншiктi, ұлттық байлық пен қоршаған ортаны қорғау жөнiндегi мемлекеттiк қызметтiң ажырамас бөлiгi болып табылады.
Өрт- тілсіз жау.
Өрттің қай жерде және қашан шығуын болжау мүмкін емес. Ол кез келген уақытта қауіпсіздік және техникалық ережелерді сақтамаған кезде болып тұратын жайт. Оны болжау да, дәл айту да мүмкін емес.
Өртке байланысты негізгі, әрі қысқаша мағлұматтар
өрт - адамдардың өмірі мен денсаулығына, қоғам мен мемлекеттің мүдделеріне зиян, материалдық залал келтіретін бақылаусыз жану;
Ерікті өрт сөндіруші - өрттің алдын алу және (немесе) сөндіру жөніндегі қызметке ерікті негізде (еңбек шартын жасаспай) тікелей қатысатын азамат;
өртке қарсы ерікті құралымдар - азаматтардың елді мекендерде және ұйымдарда өрттің алдын алу мен оны сөндіруді ұйымдастыруға қатысу нысаны;
Өртке қарсы қызмет - белгіленген тәртіппен құрылған басқару органдарының, өрт сөндіру органының және оның облыстардағы (республикалық маңызы бар қаладағы, астанадағы) филиалдарының күштері мен құралдарының, соның ішінде өрттің алдын алу мен оны сөндіруді ұйымдастыруға, олармен байланысты бірінші кезектегі авариялық - құтқару жұмыстарын жүргізуге арналған өртке қарсы құрылымдардың жиынтығы.
Өрт шыққанын білгенде…
Өрттің ауқымы кішкентай болса, крандағы сумен, болмаса қалың дымқыл матамен өшіруге тырысыңыз;
Өрт ауқымды болса, 101 нөміріне хабарласып, өрт шыққан мекен-жайды, ненің қалай жанып жатқанын айтыңыз. Өзіңіздің атыңыз бен нөміріңізді де беріңіз. Ол өрт сөндірушілерді күтіп алып, өрт ошағына жедел апаруға керек. «Менен де басқалар хабарласқан шығар» деп отыруға болмайды;
Ғимараттағы барлық тоқ көздерін ажыратып, газ құбырларын жабыңыз;
Егер өрт көп қаббатты ғимараттың төменгі қабатында шықса, ғимараттың жоғарғы қабатына немесе төбесіне шығып, көмек күту керек;
Далаға шығу жолдарында от болмаса, тез арада ғимаратты тастап шығыңыз;
Өрт шыққан аумақтан өту үшін синтетикалық киімдерді шешіп, орнына жүн немесе мақтадан тігілген киім кию керек. Киімдерді сулап, басыңызға ішік, жейде, орамал сынды қалың дымқыл жамылғы жабыңыз. Дәл осылай мұрныңыз бен ауызыңызды да жабу керек. Ол түтіннен уланып қалудың алдын алады;
Есіктерді қатты жабыңыз. Себебі от оттегі келіп, жел соққан сайын өрши түседі;
Түтіннің арасынан еңкейіп, тізерлеп немесе бүк түсіп өту керек;
Пәтерден шықпас бұрын есіктің ар жағында оттың бар-жоғын тексеріңіз. Ол үшін есікке жақын барып, оның тұтқасы сияқты металды жерлерін ұстап көріңіз. Ол ыстық болса, есікті ашпаңыз. Керісінше, есіктің саңылауларын дымқыл матамен бітеп тастаңыз. Есіктің бер жағына су шашыңыз;
Ауыз-мұрныңызды дымқыл матамен жауып, пәтердегі барлық адамдарды балконға алып шығыңыз. Балкон болмаған жағдайда, терезені ашып, сырттағыларға белгі беріңіз. Олардың сізді естігеніне сенімді болсаңыз, барлық адамдарды алып, жуыну бөлмесіне кіріп, есігін ішінен мықтап жабыңыз. Ол жерде суды ағызып, үстілеріңіздегі барлық киімді сулау керек. Сол жерде көмек күтіңіз;
Өрт шатырда немесе жертөледе шықса, өрт сөндірушілерді шақырып, олар келгенше өрт шыққан аумаққа апаратын есік-терезелерді, люктарды жауып тастау керек;
Өрт шыққан үйден адамдарды эвакуациялау кезінде балалардың төсектің астына, сөрелер мен қуыстарға тығылып қалатынын естен шығармаңыз.
Не істеуге болмайды?
Киіміңізге от тигенде жүгірмеңіз. Ол оттың одан сайын өршуіне әкеледі. Одан да киімді шешуге тырысу керек, болмаса еденге жатып аунау керек. Егер жаныңыздағы адамның киімі жанып жатса, оны өшіру үшін үстіне дымқыл мата жабыңыз;
Терезелерді ашып, түтінді шығаруға болмайды. Таза ауа отты өршітеді;
Лифтті қолданбаңыз. Өрт кезінде электр тоқтары өшірілетін болғандықтан, лифт кез келген жерде тоқтап қалуы мүмкін;
Қорқынышқа бой алдырып, жоғарғы қабаттан секіруге болмайды.
Зардап шеккендерге алғашқы көмек
103 нөміріне хабарласып, жедел жәрдем шақырыңыз;
Күйік алған адамдардың үстіндегі киімін шешуге болмайды. Күйген жеріндегі киімін қиып, теріге жабысқан күйі қалдыру керек. Күйікті спирттелген немесе марганец ерітіндісіне батырылғын матамен жабады;
Өте үлкен күйікке шалдыққан адамды үлкен матаға немесе төсек жаймасына орап, ыстық сусын беріп, жылылау керек;
Түтінге уланған адамды таза ауаға алып шығу қажет.
Өрттің алдын алу үшін:
Үйде темекі шекпеңіз. Толық сөндірілгеніне көзіңіз жетпей терезеден лақтырмаңыз;
Тамақ істеп жатқанда газ плитасын қараусыз қалдырмаңыз;
Электр тогы мен газ құбырларын үнемі тексеріңіз. Қандай да бір ақау барын байқасыңыз, бірден арнайы мамандарға хабарласыңыз;
Өртке арналған сатылар мен төтенше жағдайда шығатын есіктерді жаппаңыз;
Өрт сөндіргішті қолданып үйреніңіз және оны отбасыңыздың мүшелеріне де көрсетңіз. Себебі, өрт шыққанда оның нұсқаулығын оқып тұруға уақытыңыз болмайды;
От жағуға арналған сіріңке, оттықтарды балалардың қолы жетпейтін жерге қойыңыз;
Балаларыңызға Төтенше жағдайлар жөніндегі қызметтің нөмірлерін жаттатыңыз:
Өрт сөндірушілер — 101
Полиция — 102
Жедел жәрдем — 103
Газ апатынан құтақру қызметі — 104
Құтқару қызметі — 109