Қызылордада 4,2 млрд теңгеге салына бастаған «Жайлы мектеп» қайта сүрілуде
Өйткені шенеуніктер әу баста білім ошағы орналастын аумақты дұрыс таңдамаған, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі «Азаттық-ньюс»-ке сілтеме жасап.
Қала іргесіндегі Қызылжарма ауылында екі ай бұрын «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында 600 орындық білім ұясының құрылысы басталған. Онда мектепке қажетті инфрақұрылым жүйелері тартылып, айналасына қоршау салынған. Алайда осыдан бірнеше күн бұрын құрылысшылар қоршауды да, құрылыс заттарын да түгелдей жинап әкеткен. Тек терең қазылған траншея сол күйі қалған. Ал бірнеше жылдан бері жаңа білім ұясын күткен тұрғындар бұл жағдайды әлі де түсінбей отыр.
Қала әкімінің орынбасары Ғалымжан Еркебай Қызылжарма ауылында салынып бастаған «жайлы мектептің» Әл-Фараби шағын ауданына көшіріліп жатқанын растады. Айтуынша бастапқыда жоспарланған Қызылжармадағы білім ұясының орынында бұрын «құс фабрикасы» болған. Ал инфрақұрылым тарту кезінде жер астына өлекселер көп шықты дейді.
Екі айдан соң аяқсыз қалған құрылысқа бюджет қаражаты шығындалмады дейді әкімдік өкілі. Сонымен қоса, Қызылжарма ауылында енді мектеп салынбайтынын кесіп айтты.