Әйеліне күн көрсетпейтіндер арнайы орталыққа оқшаулануы мүмкін

1 516

Әділет министрлігінде өткен ведомствоаралық комиссия отырысында әйел құқығын бұзғандардың әрекетін криминалдандыру мәселесі көтерілді, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі.


Мәжіліс депутаты Асхат Аймағамбетовтің айтуынша, елімізде әйелдің денсаулығына бірнеше рет зиян келтіріп, бірнеше рет қол көтеру әрекеттерін криминалдандыру ұсынылып отыр. Заңнамаға тиісті өзгерістер әзірленіп те қойған. Алайда депутат қоғамда бұл мәселеге қатысты пікір қайшылығы барын айтады.


«Пікірталас әлі жүріп жатыр. Ұстанымдар өте көп. Кейбір профессорлар бір ұстанымда болса, Ішкі істер министрлігінің өз ұстанымы бар. Біз жүйелі түрде немесе бірнеше рет әйел құқығын бұзғандардың әрекетін криминалдандыруды ұсынып отырмыз», - деді Асхат Аймағамбетов.


Оның сөзінше, заңнамаға ұсынылып отырған өзгерістердің қатарында үйбұзарларды отбасынан арнайы орталыққа оқшаулау шарасы да бар.


«Тұрмыстық кикілжіңнен кейін әйелді баласымен оқшаулап жатады. Ал күш көрсетуші үйде қалады. Алаңсыз өмір сүре береді. Әйел пана іздеуге мәжбүр. Сондықтан депутаттар күш көрсетушіні үйден оқшаулауды ұсынып отыр», - деді депутат.


Айта кетейік, елімізде 1 шілдеден бастап елде тұрмыстық зорлық-зомбылық үшін жауапкершілік күшейтілді. Содан бері құқық қорғау органдарына осындай фактілер бойынша 27 мың өтініш келіп түскен, оның 8%-ы есептен шығарылған. Сот шешімі бойынша 6 мың құқық бұзушы қамауға алынса, сотта 13 мың отбасы татуласқан.


Жуырда депутат Амантай Жарқынбек тұрмыстық жанжал туса, ерімен бірге әйелін де қамауға алу керегін мәлімдеген.


«Мынаны түсінуіміз керек: біздің еліміз, біздің жеріміз өте үлкен аумақты қамтиды. Бізде оңтүстік пен солтүстіктің, шығыс пен батыстың менталитеті бір-біріне ұқсай бермейді. Осы өңірлердің жастары бір-бірімен отбасы құрады. Әртүрлі тілде сөйлеп, әртүрлі ұстанымда болады. Олар отбасы болып қалыптасқанша, ұрыс-керіс те орын алады. Ыдыс-аяқ сылдырламай тұрмайды. Әр ыдыс-аяқ сынған сайын күйеуін апарып қамап тастайтын болсақ, көпшілігі қайтадан отбасы бола алмай, қосылмай кетеді», - деді ол.


Мәжілісменнің осы пікірінен кейін Human Rights Watch халықаралық құқық қорғау ұйымы Қазақстанда тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу үшін жеткілікті күш-жігер қабылданбағаны, ал депутаттарға әйелдерді жазалау туралы ойларын айтуға мүмкіндік берілгені үшін ел билігін сынға алды.