Шиелі ауданының 39 елді мекенінде ауыз су мәселесі толық шешілген

1 529

kazaknews.kz«Еліміздің барлық елді мекенінде таза су қолжетімді болуға тиіс». Бұл – Мемлекет басшысы Қ.Тоқаевтың тапсырмасы, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі Kyzylorda-news.kz сайтына сілтеме жасап.


Мемлекет басшысы «Халық бірлігі және жүйелі реформалар – ел өркендеуінің берік негізі» атты Жолдауында 5 жылдың ішінде қалалар мен ауылдарды 100 пайыз сумен қамтамасыз етуге пәрмен бергенді. Мұнан біз Ел Президентінің халықты таза ауызсумен қамту мәселесіне ерекше көңіл бөлгендігін көреміз. Өйткені ауыз судың сапасы ел тұғындарының денсаулығына тікелей әсер етеді. Жалпы елімізде халықты таза әрі сапалы ауызсумен қамтамасыз ету мақсатында 2002-2010 жылдарға арналған «Ауызсу» бағдарламасы, одан соң 2011-2020 жылдарға арналған «Ақбұлақ» бағдарламасы жүзеге асырылды. Ал 2021 жылдан бастап бұл мәселе «Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері» ұлттық жобасының аясында шешімін тауып келеді. Халықты таза ауызсумен қамтуға бағытталған жобалардың жүзеге асырылу барысы облыста да жіті бақылауда.


Нақ осы мәселе түнеукүні Үкімет отырысының күн тәртібінде қаралды. Онда қалалар мен ауылдарды сумен жабдықтау мәселесі талқыланған-ды. Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітовтің баяндамасына сәйкес, бірқатар өңірде, оның ішінде Қызылорда облысында барлық қалалық елді мекендер сапалы ауызсумен толық қамтылған. Ал ауылдық елді мекендердің 98,4 пайызы орталықтандырылған ауызсу жүйесіне қосылған.


Үкімет отырысынан кейінгі арнайы мәжілісте облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев осы мәселе бойынша жауапты басшыларға бірқатар тапсырма берді.


"Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы 2021 жылғы «Халық бірлігі және жүйелі реформалар – ел өркендеуінің берік негізі» атты Жолдауында бес жыл ішінде халықты 100 пайыз таза ауызсумен қамтамасыз етуді тапсырып, «Бұл – Үкіметтің алдында тұрған басты міндет» деп атап өтті. Тұрғындарға тұрақты, сапалы ауызсу жеткізу ең өзекті және маңызды мәселелердің бірі болып қала береді. Қазір облыста орталықтандырылған ауызсу жүйесіне қосылмаған 26 елді мекен бар. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, 2025 жылдың соңына дейін оларды сапалы ауыз сумен қамтамасыз етуіміз қажет»", – деді аймақ басшысы.


Мәлім болғандай, облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Медет Усаин 4 қала, 230 ауылдық елді мекеннің 204- і орталықтандырылған ауызсу жүйесіне қосылыпты. Биыл тағы 13 жобаны жүзеге асыруға 5,3 млрд теңге қаржы қаралған екен.


Тиісінше келелі жиында қалған елді мекендерді таза ауызсумен қамту, ҚР Су ресурстары және ирригация министрлігі арқылы жүзеге асырылған жобаларды мерзімінде аяқтау мәселелері пысықталды. Нұрлыбек Машбекұлы көптеген ауызсу ұңғымасы мен су жинау, тарату жүйелерінің тозғанын тілге тиек етіп, оларды ағымдағы жөндеуден өткізуді, күтіп-ұстау жұмыстарын тұрақты ұйымдастыруды тапсырды.


Мизам шуағын төгетін жаз айларында ауызсудың көп жетіспеушілігі байқалып жатады. Мұны жасыруға болмас. Оның бірден-бір себебі жазда ауызсуды аяқсуға пайдаланудың салдарынан болады. Осы тұста шежірелі өлкедегі ахуалға да кідіріс жасасақ.


Шиелі ауданындағы ауызсудың жағдайын осыдан 2 ай бұрын «Жиделі топтық су құбыры» өндірістік бөлімшесінің басшысы Асылбек Сәрсембаев брифингте мәлім қылған-ды. Брифинг барысында күз-қыс айларында күніне 3500-4000 текше метр су жеткілікті, ал жаз айларында 6500-7000 текше метр су жеткіліксіз екенін тілге тиек етті. Алдағы уақытта Сүттіқұдықтан келетін екінші магистраль құбырының құрылысы аяқталса, аталған мәселе оң шешімін тауып, тұрғындарды жаз айларында да үздіксіз 24 сағат бойы ауызсумен қамтамасыз етуге мүмкіндік болатынын да бүкпесіз жеткізді.


"Шиелі ауданы бойынша 27 насос станциясы, 23 дана су қыспақты мұнарасы, 148,35 шақырым бас су құбырлары, 363,4 шақырым ішкі су тарату желілері халыққа ауызсу тарату қызметін көрсетеді. Ауызсу жеткізуші қызметін атқаратын «Жиделі топтық су құбыры» өндірістік бөлімшесі Сүттіқұдық елді мекеніне қарасты Бас саға арқылы ауызсуды өндіріп, Жаңақорған кенті мен Жаңақорған ауданының 6 елді мекеніне, сонымен қатар Шиелі кенті мен ауданның 22 елді мекеніне су жеткізіп отыр. Қазіргі таңда «Шиелі ауданының оқшау сумен жабдықтау жүйелерін пайдаланушы» өндірістік бөлімшесі 7 елді мекенді ауызсумен қамтамасыз етеді. Атап айтсақ, Бірлестік, М.Шоқай, 1 Мамыр, Майлытоғай, Тартоғай, Ботабай, Сұлутөбе, Бұланбай бауы бойынша барлық тұтынушылар саны – 7975, 1354 абонент ауызсу тұтынады", – деді Асылбек Сәрсембаев.


Жоспарлы түрде көктемгі – сәуір айында, күзгі – қыркүйек айында Шиелі аудандық СЭС қызметкерлерімен бірлесе отырып, барлық ішкі су тарату желілеріне, магистральді су құбырына, су мұнараларына және су қоймаларына жуып-шаю, залалсыздандыру жұмыстары қарастырылмақ. Бүгінде тұтынушыларды 24 сағат үздіксіз сапалы ауызсумен қамтамасыз ету мақсатында Қодаманов, Бидайкөл, Н.Бекежанов, Байсын, Ы.Жақаев, №21 Бекет, Жансейіт, Ортақшыл, Досбол би, Ә.Тәжібаев, Бәйгеқұм, Балаби, Алмалы елді мекендерінде, яғни 13 ауылда 8 ай бойы «Байпасная линия» арқылы ауызсу берілуде.


Әлгі жиында сала басшысы Асылбек Шағдарұлы «Су тіршілік көзі, өмірдің қуаты», «Судың да сұрауы бар» екенін тұрғындар назарына сала отырып, ауызсуды барынша үнемді пайдалануға, ауызсу төлемін уақытылы төлеуге шақырған-ды.


"Ауызсуды үнемді пайдаланып, әр айдың 25-жұлдызына дейін төлем жасауды ұмытпаған жөн екенін естеріңізге саламыз. Жалпы мекемеде Шиелі кенті мен елді мекендерді аралайтын 23 инспекторбақылаушылар көше аралап, ауызсу ақысын жинауда, ғимаратта арнайы төлем кассасы жұмыс істейді. Апаттық жағдай орын алған жағдайда, тәулік бойы диспетчерлік қызметке 4-19-99 байланыс телефоны арқылы хабарласуға болады", – деді сала басшысы.