ІІМ Әкімшілік полиция комитеті табиғатты қорғау полициясының аға инспекторы Әлішер Жармағамбетов биыл браконьерлердің мемлекетке 13 млрд теңге шығын келтіргенін мәлімдеді,- деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі.
Әлішер Жармағамбетов елімізде қоршаған ортаны қорғау саласында 300 мыңнан астам құқық бұзушылық тіркелгенін айтты.
“Экологиялық құқық бұзушылықтар бойынша 304 сотқа дейінгі тергеу басталды. Мемлекетке келтірілген шығын 13 миллиард теңгеден асады. Жалпы браконьерліктің себебі – адамдардың өздерінің заңсыз әрекеттерінің экожүйеге әкелетін салдарының ауырлығын толық түсінбеуінде. Заңсыз, яғни орман, жануарлар, балық немесе жер қойнауы болсын табиғи ресурстарды бақылаусыз пайдалану ауданның бүкіл экожүйесіне кері әсерін тигізеді", – деді Жармағамбетов.
Мәселенің өршуіне байланысты мемлекеттік органдар бірқатар ұйымдастырушылық және заңнамалық шараларды қолға алған.
"Жоғары тәуекел маусымдарында рейдтік іс-шараларды өткізуге ерекше назар аударылады. Мысалы, балық пен сүтқоректілердің уылдырық шашатын көктемгі кезеңінде, алғашқы қардың күзгі кезеңінде және жануарлардың ерекше осалдығы кезеңінде қорғау жұмыстары күшейтіледі. Іс-шара басталғаннан бері 61 қылмыстық және 2 мыңнан астам әкімшілік құқық бұзушылық анықталды. Сонымен қатар аңшылар арасында қару-жараққа салғырт қарау және аң аулау ережелерін бұзу аң аулау кезінде жарақат алуға әкеліп соқтыратын жағдайлар орын алып тұрады", – деді ол.
Еске сала кетейік, бұған дейін желіде қырылған киіктердің өлекселері түсірілген видеолар тараған туралы жазған едік.