Қазақстанда артық анықтама сұрағандар жауапқа тартылуы мүмкін
1 511
Бүгін үкімет отырысында цифрлық даму министрі Бағдат Мусин заңсыз, артық анықтама сұратқандар үшін әкімшілік жауапкершілік енгізуді ұсынды, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі.
Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин бұған дейін "жыл сайын бір жерден екінші жерге ауысу үшін 50 млн анықтама беру қажет болғанын" айтты.
"Біз оларды цифрлық форматқа көшірдік. Алайда, талдау бойынша қағаз түріндегі анықтамаларды талап ету мәселесі толық шешілмегені белгілі болды. Жұмыс берушілер мен мектептер әлі де анықтама сұрайды. Тапсырмаңыз бойынша біз келесі жылы екі уәкілетті министрлікпен бірлесе отырып, бұл мәселені толығымен шешеміз. Анықтаманы заңсыз талап еткені үшін әкімшілік жауапкершілік енгізуді сұраймыз", - деді министр.
Министр азаматтың әскерге шақырудан босату немесе уақытша кейінге қалдыру туралы құжаттары туралы да пікір білдірді.
"Жыл сайын 106 мыңнан астам студент әскери комиссариатқа оқу орындары мен медициналық ұйымдардан анықтама алу үшін 2 аптаға жуық уақыт жұмсайды. Енді студент екеніңді дәлелдеудің қажеті жоқ. Үш министрліктің деректер базасын біріктіру арқылы студенттер автоматты түрде анықтама қағазынсыз әскерге шақырудан босатылады", - деді Мусин.