Адай Ерәлиұлы: Балық өсіру шыдамдылықты қажет етеді

1 550

Арал теңізінен жылына 6-7 мың тонна балық ауланады, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі.


Дарияның құярлығындағы ірілі-ұсақты көлдерде мамыр-маусым айында балық біткен уылдырық шашатын. Бұл – теңіз қорының табиғи сақталуына себеп. Ал одан басқа тоғандарда шабақ өсірумен айналысатын «Қамыстыбас» балық питомнигі 1966 жылдан бері жұмыс істеп тұр.


Осы питомникке қарасты «Қосжар» бөлімшесінде 10 жазғы балық өсіру, 11 жайылым және 3 қыстық тоған бар. Ал Қаратерең ауылындағы «Тастақ» бөлімшесінде 23 тоған жұмыс істейді. Жыл сайын 14 миллионнан астам бір жаздық және 420 мың екі жаздық балық шабақтары өсіріледі. Мұнда тұқы, ақ амур және дөңмаңдай деп аталатын түрлері бар. Арнайы бағылған балық теңіз бен «Қамыстыбас» көліне күз айларында жіберіліп жүр.

Біздің «Еңбек адамы» айдарының кезекті кейіпкері жас та болса да осы саланың жүгін көтеріп келеді. Адай Ерәлиұлы – Қосжар ауылында орналасқан питомниктің балық өсірушісі. 26 жастағы жігіт 6 жылдан бері осы жұмысқа өз үлесін қосып келеді.


"2014 жылы мектепті бітіріп, мамандық алу үшін Батыс Қазақстан облысына жол тарттым. Сол өңірде инженерлік-технологиялық колледжге оқуға түстім. Ол кезде оңтүстік өңірлерден келген түлектерді «Ветеринария» және «Балық шаруашылығы» мамандығы бойынша «Серпін-2050. Мәңгілік ел жастары – индустрияға» бағдарламасы бойынша жинап жатқан. Аталған бағдарламаның ықпалымен қазіргі мамандықты игердік. Рас, әу баста басқа саланы таңдасам да, кейін өкінбедім. Өйткені, теориядан көрі, арнайы машықтанудан өткен кезде балық шаруашылығына деген қызығушылығым арта түсті. Үш жылдық оқу мен тәжірибелік жұмыстар маман болып шығуыма септігін тигізді", – дейді Адай.


Оқуды тәмамдаған соң ол «Қамыстыбас балық питомнигі» мекемесіне балық өсіруші болып жұмысқа қабылданады. Кәсіпорында жүріп аға буыннан көп дүние үйренеді.


"Жасанды жолмен аналық балықтан уылдырық алып, уылдырықтан дернәсіл, дернәсілден бір жаздық шабақ деңгейіне жеткізу үлкен шыдамдылық пен қырағылықты қажет етеді. Сенің жасаған бір қателігің миллиондаған шабақтың жойылуына әкеліп соғуы мүмкін. Сондықтан, балық өсіру маусымында түн ұйқыңды төрт бөліп, олар дамығанша ұдайы бақылайсың. Питомникте қай қызметкер болсын, өз саласына жауапты. Соның арқасында кәсіпорын жыл сайын мемлекеттік тапсырыс шеңберінде миллиондаған балықты арнайы тоғандарда өсіріп, күзде Кіші Арал теңізі, Сырдария өзені мен Қамыстыбас көліне жібереді", – дейді жас балық өсіруші.


Адайдың айтуынша, алдағы уақытта кәсіпорында ірі жобалар іске аспақ. Солардың бірі – «Қызыл кітапқа» енген Арал қаязын көбейту. Расымен де уақытында теңіз көркіне айналып, қазір жойылу қаупінде тұрған балық түрлері көбейгені дұрыс. Сондай-ақ, питомникте теңізде жойылып кеткен, тек Балқаш көлінде тұқымы кездесетін Арал пілмайы деп аталатын балық та келешек өнім алу үшін қосымша өсіріліп жатқан көрінеді.


"Арал теңізінің байырғы байлығы – жоғалып немесе азайған балық тұқымдарын қайта қалпына келтірсек деймін. Екіншіден, өз қатарластарыма айтарым, балық өсіруші дегеніміз ұялатын мамандық емес. Қайта біз ел байлығын көбейтуге сеп болып келеміз. Бұрынғыдай емес, қазір мемлекет балық шаруашылығына көңіл бөліп, осы саланы дамытамын деген адамға барлық жағдайды жасауда. Бұл – қуанатын нәрсе. Балықтың бел ортасында жүрсек те, уақытында осыны дамытып өсіріңдер деп үйретіп, қызықтырған, жетелеген адам болмады. Сондықтан кейінгілерге осы саланың маңыздылығын түсіндіріп, мектеп бағдарламасында тәжірибелік сабақтар ұйымдастырсақ екен. Балық шаруашылығында сонда ғана мықты мамандар пайда болары анық", – дейді тағы бір сөзінде Адай.


Арал ауданына қарасты Қызылжар ауылында туған Адай жұмыспен қатар білімін шыңдап отырады. Қосымша «Эколог» біліктілігін алған ол балық өсірудегі тәжірибесін ұдайы жетілдіріп келеді. Жас та болса мамандығы арқасында жетістікке жеткен ол 2021 жылы «Арал-Сырдария» облысаралық бассейндік балық шаруашылығы инспекциясы басшысының Алғыс хатымен, ал былтыр ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрінің Құрмет грамотасымен марапатталды.