2024 жылдан бастап газбен жүретін көліктерге арнайы белгі орнату міндеттеледі

1 530

Қазақстанда 2024 жылдан бастап газбен жүретін көліктерге арнайы белгі орнату міндеттеледі, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі.


Қазақстанда азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ететін стандарттарды жетілдіру бойынша белсенді жұмыс жалғасуда.

"Сауда және интеграция министрлігі техникалық реттеу және метрология комитеті төрағасының бұйрығымен СТ 1412-2017 "Жол қозғалысын реттеудің техникалық құралдары" ұлттық стандартына толықтырулар енгізілді. Қолдану ережелерін KazStandard әзірлеген. Өзгерістер 2024 жылдың 1 қаңтарынан бастап күшіне енеді. Бұл стандартты орындау міндетті, өйткені ол ішкі істер министрінің бұйрығымен бекітілген жол қозғалысы ережелерінде сілтеме ретінде көрсетілген", – деп хабарлады KazStandard баспасөз қызметі.

Өз кезегінде техникалық реттеу және метрология комитетінің төрағасы Қуаныш Елікбаев жаңа талаптың неліктен енгізіліп жатқанын түсіндірді.


"Газға көшіру барлық қауіпсіздік талаптарын сақтай отырып жүргізілмейді. Өкініштісі, мұндай көліктер азаматтар үшін қауіпті болуы мүмкін. Сондықтан газға ауыстырылған көліктердің жабық тұрақтарға кіруіне тыйым салынады. Мұндай көліктердің кіруіне тыйым салу үшін арнайы белгі енгізілген", – деді ол.

Белгіде GAS жазуы леп белгісі бар қара жиегі бар сары түсті теңбүйірлі үшбұрышта жазылады.