15 пен 18 жас аралығындағы қыздардың жүктілігі артып келеді – Депутат

1 523

Қазақстанда 15 пен 18 жас аралығындағы қыздардың жүктілігі көбейіп келеді,  - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі.


Мәжіліс депутаты Гүлдара Нұрымованың сөзінше, соңғы бірнеше жылда 15 пен 18 жас аралығындағы қыздардың жүктілігі 50,5%-ға өскен. 

"2017 жылы мұндай 3,4 мың бала туған болса, 2022 жылдың соңына қарай - 5,2 мың сәби дүниеге келген. Сонымен қатар соңғы жылдары кәмелетке толмаған қыздардың жүктілікті жасанды тоқтату статистикасы біраз өзгеріп, жылына 1,1-1,2 мың жағдай тіркелді", – деді депутат.

Оның айтуынша, аймақтық статистика тұрғысынан қыз балалардың ерте жүктілігі көбінесе Маңғыстау, Түркістан және Жамбыл облыстарында кездеседі.

"Ерте босану баланың физиологиялық және әлеуметтік табиғатына қайшы келеді. Босану кезіндегі жасөспірімдерде эклампсия, босанғаннан кейінгі эндометрит және жүйелі инфекциялар қаупі жоғары. Ал олардың балаларының салмағы төмен туылу, шала туылу және ауыр неонатальды аурумен ауыру ықтималдығы жоғары. Кәмелетке толмағандардың түсік жасатуы да олардың репродуктивті және жалпы денсаулығына нұқсан келтіреді", – деді депутат.


Мәселені жүйелі шешу үшін депутаттар келесідей шешімдерді ұсынды:

  • мектептерде жыныстық сауатты енгізу;
  • қыздарға қолжетімді және тиімді көмек көрсету үшін барлық әлеуметтік байланыс орталықтарының жұмысын жандандыру;
  • жүйелі түрде жасырын сауалнамалар жүргізу және жасөспірімдер арасында тәуекел топтарын анықтау;
  • тәуекел тобына контрацепцияның тегін қолжетімділігін қамтамасыз ету;
  • балалар гинекологиялық қызметінің жұмысын күшейте отырып, тек отбасын жоспарлау кабинеттерімен ғана шектелмей, бастапқы медициналық-санитарлық көмек ұйымдарында сапалы консультацияларға кең қолжетімділікті қамтамасыз ету.