«Ісікті емдейді»: Саумал өндіруші компания жалған жарнама жасаған

1 517

Фото: Facebook/SaumalNEOАлматы облысы прокуратурасы интернет желісінде, соның ішінде танымал блогерлер, спортшылар және әртістердің парақшасында биологиялық белсенді қоспалардың қасиеттерін асыра сілтеп көрсететін жарнама таратылғанын анықтады,- деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі Turkistan.kz сайтына сілтеме жасап.


Мысалы, желіде «NEOSAUMAL, SAUMAL» сублиматтау әдісімен құрғақталған бие сүті қант диабетін, қатерлі ісікті және басқа ауруларды емдейтін бірегей өнім ретінде белсенді жарнамаланып жатыр. 


Елдің шағымын назарға ала отырып облыс прокуратурасының тапсырмасы бойынша мемлекеттік кірістер департаменті өнім жарнамасының рас-өтірігін тексерді. 


SAUMAL тағамға биологиялық белсенді қоспа ретінде жалпы нығайтушы, имундық ынталандырушы, тыныштандырғыш өнім ретінде тіркелгені анықталды.


Басқаша айтқанда, дәрілік қасиеті жоқ және жарнамада көрсетілген ауруларды емдеуге қабілетті емес.


Денсаулық кодексінің 56-бабының 2-бөлігіне сәйкес ББҚ жарнамасы анық, арнайы білімсіз немесе арнайы құралдарды қолданбай түсініліп-танылуға, тұтынушы сенімін теріс пайдалану арқылы оларды жаңылыстырмауға тиіс.


Кодекстің 56-бабының 3-тармағының 11,13-тармақшалары бойынша жарнамада қан диабетін, онкологиялық және басқа ауруларды емдеу тәсілдерін, ББҚ-ларды бірегей, барынша қауіпсіз және тиімді ретінде ұсынуға тыйым салынған.


Осылайша компания азаматтардың сенімін теріс пайдалана қоймай, көрінеу жалған жарнама тарату арқылы әкімшілік құқық бұзған.


SAUMAL-дың өндірушісіне 30 қарашада ӘҚБтК 157-бабы бойынша әкімшілік хаттама толтырылып, 175 АЕК көлемінде (603 750 теңге) айыппұл салынды.


Ол 5 желтоқсанда төленді.